ШҚО-да еңбек адамдары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да еңбек адамдары марапатталды

24.10.2024

Ел игілігі жолында еткен еңбек пен төккен тер дер кезінде бағаланып жатса, жұмысшы үшін одан асқан бақыт жоқ. Әсіресе, соңғы 5 жылда мемлекеттік мерекелерде еңбек адамдарын төрге шығарып, құрмет көрсету жақсы үрдіске айналды. Биыл да Республика күніне орай осы үрдіс жалғасты. Тек Шығыс Қазақстан облысында қырықтан аса адам мемлекеттік марапатқа ие болды.

Айтулы күнде айрықша марапатқа ие болғандардың қатарында қарапайым жұмысшыдан бастап облыс басшылығында жүрген мемлекеттік қызметшіге дейін бар. Әрбір маман иесінің еңбегі ерен. Қызметі ерекше. Дегенмен мемлекеттік марапаттың басым бөлігі күн-түн демей еңбек ететіндерге берілді.

Есмұханбет Ұябаев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

Автогрейдерде істеймін. Қысы-жазы жолдамыз. Осындай еңбегімізді бағалап, марапаттап шақырғандарыңызға алғыс айтамын.

Әлеуметтік сала әлді болса, елдің әлеуеті де әлді болады. Сондықтан бұл бағытта еңбек ететін қызметкерлерге де жүктелер міндет зор. Сәуле Зарлыққызы он бес жылдан аса әлеуметтік салада қызмет етеді. Бүгінгі алған марапатын елге еткен еңбегінің өнгені, деп санайды.

Сәуле Зарлыққызы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

Енді осы салада көптеген азаматтарға, жұмысқа орналасуға, атаулы көмек алуға көмектесіп келе жатырмын. Марапатымды ауданымның қызметін бағалап отырғаны деп ойлаймын.

Валентина Шершнева, «Құрмет» ордені иегері:

Мен аудан орталығындағы ауруханада дәрігер болып жүргеніме биыл 50 жыл болады. Бүгінгі марапат осы уақытқа дейін еткен еңбегіме мемлекет тарапынан көрсетілген құрмет деп білемін.

Мемлекеттік марапат алғандардың алды 50 жылдан артық еңбек етсе, ең азы 20 жылға жуық тер төккен. Сондықтан еселі еңбектерінің ескерусіз қалмай еленгеніне қуанышты.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу