Шымкент қаласында Республика күні мерекесі қарсаңында 300-ден аса отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ екі жайлы мектептің құрылысы аяқталып, балалар келесі тоқсаннан бастап оқу ізденісі мен шығармашылық дамуына барлық жағдай жасалған заманауи білім ұяларында оқуын жалғастырмақ.
Жаңа пәтердің табалдырығын аттаған Венера Елекееваның қуанышында шек жоқ. Өйткені үш бала тәрбиелеп отырған қызы үй кезегін 13 жыл бойы күтті. Перзенттерімен пәтер жалдап күнелтіп келді. Сәулетті әрі кең баспана енді бұл отбасының қонақжай әрі ырысты мекені болмақ.
Венера Елекеева, қала тұрғыны:
Осы үйде өсіп өніп ұл-қыздарымыз, немерелеріміз жақсылыққа жете берсін. Үйдің іші қандай аппақ болса, армандары да сондай аппақ болып, берекеге толып келсін. Енді қоныс тойын өткіземіз.
Бұл күні Венерамен бірге тағы 304 отбасы осындай қуанышқа кенелді. Олардың дені әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар. Сондай-ақ ұлттық мерекеде үйлері апатты жағдайға жеткен жанұялар да жаңа қонысқа жайғасты.
Бүгінгі таңда мегаполисте тұрғызылғанына жарты ғасырдан асқан 134 көпқабатты ескі үй бар. Олардың барлығы алдағы бес жылда жаңғырту бағдарламасы аясында бұзылып, орнына жаңасы салынады. Қала әкімі сондай-ақ тұрғындармен бірге қалада алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуына қатысты. Олардың бірі 2000 оқушыға екіншісі 1200 орынға лайықталған.
Нұргүл Шәмшиева, қалалық білім басқармасының басшысы:
Осы 2 мектепті қосқанда 11 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Келесі жылы жетеу. Жалпы 2024-2026 жылдар аралығында 18 мектеп пайдаға беріледі деп жоспарланған жайлы мектептерден.
Заманауи мектептерде балалардың білім алумен бірге жан-жақты дамуына барынша қолайлы жағдай жасалған. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қарастырылды. Және STEM-зертханалар, робототехника сыныптарымен жабдықталып отыр.
Ғани Қалмаханов