Ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттары келіп жатыр.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин жеделхатында екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында табысты дамып жатқанына, сондай-ақ Мәскеу мен Астана түрлі көпжақты құрылымдар аясында белсенді байланыс орнатқанына тоқталды.
Ал Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның өңірлік және халықаралық деңгейде ықпалы арта түскенін атап өтіп, бұл жетістіктерге тату көрші, жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде өз халқының шынайы қуанатынын айтты. Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына жолдаған құттықтау жеделхатында елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік тәуелсіздік, аумақтық тұтастық сияқты Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттарына негізделгеніне назар аударған.
Сондай-ақ, Ұлыбритания, Солтүстік Ирландия, Франция, Түркия, Өзбекстан , Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан Президентерінің атынан да құттықтау хаттар келді. Қазақстанмен бейбіт қарым-қатынасты жоғары бағалайтындарын жеткізген.
Владимир Путин - Ресей Федерациясының Президенті:
Бірлескен күш-жігеріміз арқылы халықтарымыздың игілігі және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытын одан әрі жандандыра түсетінімізге сенімдімін.
Си Цзиньпин - Қытай Халық Республикасының Төрағасы:
Екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі ілгерілету және ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру үшін Сізбен күш-жігер біріктіруге дайынмын.
Джозеф Байден - Америка Құрама Штаттарының Президенті:
Аталған қағидаттарды берік ұстанған Қазақстанмен қауіпсіздік, экономика және экология мәселелерін шешу жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделіміз.
Азамат Нұғыманов