1990 жылдың 25 қазанында Тәуелсіздігімізге негіз болған – Егемендік декларациясы Алматыда қабылданды. Мемлекеттігіміздің алтын қазығы – Ата Заң, рәміздер мен төл теңге де бұрынғы астанада бекіді. Ал мегаполистің ел экономикасына қосқан үлесі жыл сайын артып келеді.
Айдана Қуантхан, тілші:
Бұл ғимарат бұрынғы – Үкімет үйі. Талай маңызды оқиғалар мен тарихи шешімдер осы жерде қабылданған. Елдің егемендігіне бастаған батыл қадамдар осы жерде жасалды. 1990 жылы Жоғары Кеңестің құрамындағы 360 депутат егемендік декларациясын осы жерде талқылаған. Құжаттың әрбір тармағына көңіл бөлген олар. Дәл осы дөңгелек залында 1990 жылдың 25 қазанында 18 сағат 55 минутта тағдыршешті құжат, декларацияны қабылдады.
Қазір біз Орталық Мемлекеттік архивте тұрмыз. Мұнда 1,5 млн аса құжат бар. Елдің егемендігі туралы декларация аса маңызды жәдігерлер сөресінде сақтаулы. Тәуелсіздігімізге жол ашқан құжатта елдің территориясы, азаматтығы мен мемлекеттік бюджеті, рәміздері сынды маңызды тараптар қарастырылған.
Алматы – білім мен ғылымның да ордасы. Қалада 100-ден аса оқу орны шоғырланған. Ғасырға жуық тарихы бар Ұлттық Ғылым академиясында бәсекеге қабілетті жас мамандарды дайындауға басымдық беріліп отыр.
Жанат Бименова, ветеринария саласының PHD докторы:
Бізде мүмкіндіктер көп. Себебі, үлкен зертханаларға жұмыс жасауға және құрал-жабдықтар мен аппараттар жеткілікті. Өзім Польша мемлекетінде тәжірибеден өтіп келдім.
Алматы тек ғылым мен мәдениет ордасы емес, отандық экономиканың нағыз драйверіне айналды. ГРАФИКА: Қалалық кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, қазір Алматыда 6900-ге жуық өндіріс орны бар. Оның 6700-ден астамы шағын, 84-і орта бизнес, 57-сі ірі компаниялар. Соңғы он жылда кәсіпорындар саны екі есе артқан.
Мақсат Халық, экономист:
Мемлекеттік бюджетке донор ретінде құятын қалалар көп емес. Соның қатарында Алматы бар. Бюджеттің кіріс бөлігін 20 пайызына дейін құраса, одан бөлек жалпы ішкі өнімге де үлесі өте жоғары. Одан бөлек іскерлік орта ретінде бүгінге дейін қалып отыр.
Егемен елдің қалыптасу жолындағы маңызды оқиғалар Алматымен тығыз байланысты. Орталық Азиядағы ең дамыған мегаполистердің біріне айналды.
Айдана Қуантхан