Республика күні бұл тарихи әділдік орнап, жаңғырған ұлттық мереке - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Республика күні бұл тарихи әділдік орнап, жаңғырған ұлттық мереке

25.10.2024

Республика күні бұл тарихи әділдік орнап, жаңғырған ұлттық мереке. Олай деуге себеп бар. Өткенді шолып өтсек, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстан мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдады.

1995 жылы тап сол күн – Республика күні болып жарияланып, кейін мемлекеттік мереке мәртебесі берілді. Алайда 2009 жылы мемлекеттік егемендікті декларациялау аралық кезең болып санала бастады. Бұл уақытта Тәуелсіздік күніне басымдық берілді. Сондықтан, 2009 жылғы сәуірде Республика күнін мерекелеу тоқтатылған еді.

2022 жылғы маусымда Ұлттық құрылтай отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін мерекелеуді қалпына келтіруді және оған ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сол жылдың 29 қыркүйегінде Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Сарапшылар, мұндай шешім – әлемнің көптеген елдеріне тән екенін айтады. Әсіресе, АҚШ-тың тәжірибесі айқын мысал.

Ермек Аймақов, тарихшы:

1776 жылы Томас Джеферсон Тәуелсіздік декларациясын жариялайды. 4-шілдеде. Бірақ, АҚШ мемлекет бола ма деген сұраққа ешкім жауап берген жоқ. Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейін АҚШтың басты мерекесі ретінде сол тәуелсіздік декларациясы қабылданған мерекені әлі күнге дейін тойлап келе жатыр. Сондықтан, біз де осы тұрғыдан қарастыру керекпіз. Біздің Тәуелсіздігіміз 1991 жылы 16 желтоқсанда емес, 25 қазандағы тәуелсіздік декларациясын қабылдаған күнмен байланысты болу керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республика күні күнтізбеде қызыл түске боялып, ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Қазір бұл мерекенің мән-маңызы одан әрі артып, ел арасында салтанаты қуатталып келеді.

1990 жыл 25 қазан. Қазақстан ҚазКСР Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларацияны қабылдады

1995 жыл 25 қазан. Ұлттық мереке – Республика күні болып жарияланды

2001 жыл. Республика күніне мемлекеттік мереке мәртебесі берілді

2009 жыл. Республика күнін мерекелеу тоқтатылды

2022 жыл 29 қыркүйек. Президент «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мереке мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды))

Азамат Нұғыманов

Хабарламаларға жазылу