Мерекеге орай бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мәдениет саласының қызметкерлеріне баспана берілді. Пәтер сертификаттарын оларға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева салтанатты түрде табыстады.
Министр баспаналы болғандарды құттықтай отырып, мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Мәселен, зейнетақы жинақтарын пайдаланып, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік берілді. Әрі сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемі айтарлықтай артып келеді.
Өткен жылы Қазақстан Президентінің атынан бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне 65 пәтердің кілті табысталып, биыл тағы 67 пәтер берілген болатын. Ал бүгін мәдениет саласы қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын тапсыру – Мемлекет басшысы саясатының заңды жалғасы деді министр.
Айта кетерлігі, баспанаға ие болғандар ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы жанұялар мен жалғызбасты аналар. Олар Қазақ Ұлттық өнер университеті, Ұлттық архив, Ұлттық академиялық кітапхана мен түрлі музей мен театрларда қызмет ететін жандар. Солардың бірі – Самал Әжмұратова. Бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана өнер университетінде 16 жылдан бері педагог болып жұмыс істейді.
Самал Әжмұратова, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы:
Осы мерекенің алдында екі үш күн бұрын ғана маған осындай баспанаға ие болдыңыз осылай сертификат табыстайды деген кезде, министр өз қолымен табыстайды деген кезде сенген жоқпын. Кейін көзіме жас келді. Ол жайлы айтып жеткізу мүмкін емес. Қуаныштымын, бақыттымын, рахмет көп-көп.
Досжан Маратұлы