Алматыда Республика күніне орай мәдениет пен өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан үздік қызметкерлер марапатталды.
Салтанатты шарада Мемлекет басшысының атынан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік наградаларды табыстады. Президент Жарлығымен көрнекті ақын, сазгер Исраил Сапарбайға «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді. Сонымен қатар «Қазақстанның халық әртісі» атағына театр әртістері Жәмиля Баспақова, Лидия Кәден және Рихан Махпирова ие болды.
Мәдениет пен өнер саласының үздік майталмандарына «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медальдары да табысталды.
Лидия Кәден, Қазақстанның халық әртісі:
Менің алған марапатым, халқымның алған марапаты деп ойлаймын. Өйткені осы халыққа еңбек еттік. 50 жылда осындай марапат алып тұрмын. Еңбегім бағаланғанына өзім қуанып жатырмын.
Гүлмира Мұхтарова, «Құрмет» орденінің иегері:
Қазақта жақсы сөз бар. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды» деген. Осы марапатқа алып келген өзімнің ұжымыма үлкен алғыс білдіремін.