«Мақсатты мектептер» жобасының негізгі мақсаты қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мақсатты мектептер» жобасының негізгі мақсаты қандай?

27.10.2024

«Мақсатты мектептер» жобасының негізгі мақсаты – «жүрісі кібіртіктеп қалған» деп сипаттайықшы, мектептерді дамыту және қайта жандандыру. Идея – тамаша! Процесс басталғанда шикі тұстары көрінді. Бұл да қалыпты шығар.

Дегенмен өңірлердегі мұғалімдердің бірінен кейін бірі келтіріп жатқан контраргументтерін қалай тыңдамайсың? Байқағанымыздай, бұл жобаның статусы-мәртебесі анық емес сияқты.

Мысалы, мұғалім сынақтан өте алмай қалса, біліктілік санатына қалай әсер етеді? Деңгейді белгілейтін шешім шығаруға мұрсат беретіндей заңмен бекіген құжат па? Екіншіден, жаңалығы шамалы тәрізді. Бұрын оқып қойған дүниелерді қайта оқыту болған. Онсыз да «мұрын сіңбіруге» уақыты жоқ мұғалімдерді тағы сабылтып қойған. Қайталап айтамыз, білім сапасын көтеру – міндет. Білім сапасын тексеретін PISA халықаралық бағдарламасының соңғы зерттеуіне қарасақ, функционалдық сауаттылық бойынша 81 елдің ішінде 61-орындамыз.

Жұмыс орындарының ашылмауы, қазына қаржысын жеп қою, тағысын тағы факторлармен бірге білім төмен болса да қылмыс күшейеді, даму туралы әңгіме жоқ. Сонда басты шаруа қайта-қайта тест тапсыру ма?

Мысалы, мектепте балалардың сығылыспай жүруі, мектептерді техникалық құрал-сайманмен қамтамасыз ету, лабораториялар жабдықтау – алғышарттардың бірі емес пе?

Амангелді Сейітхан мұғалімдердің сұрақтары мен құзырлы министрліктің комментарийін таразыға тартып көрді.


Хабарламаларға жазылу