Заңнамаға өзгеріс енгізілмек - жол ережесін жиі бұзатындар сақтандыру қорына қосымша ақы төлейді. Яғни ылғи жылдамдықты асырып жүретін, қызыл жолаққа өтіп кете беретін, қарсы бағытқа шығып айдайтын көлік жүргізушілері көбірек ақша аударады.
Және жолда оқиға болса, қордан алатын төлемақысы да азаяды. Әр құқықбұзушылықтан соң ондай жүргізушілердің сақтандыру деңгейі де төмендей береді.
Сақтандырудың 18 класы бар. Оның ең төменгісі - М2. Оған мас болып көлік жүргізгендер, соңы адам өлімімен аяқталған жол апатына кінәлілер автоматты түрде енгізіледі.
Біреулерге бұл кезекті «тонау» сияқты көрінеді. Бірақ мыңдаған адам опат болатын жол апаттары азаяр емес.
Соңғы есепті қарасақ, жыл басынан бері 19 302 жол апаты болған. 26 703 адам зардап шеккен. 1 754 адам ажал құшқан: 230 кәмелетке толмаған бала, 486 әйел, 1 268 ер адам. Ойқы-шойқы жол, тар жол деп жатамыз. Иә, ол факторлар бар. Алайда ең басты себеп – адами фактор. Дәлі - жүргізушінің жауапсыздығы.
Әңгімені бастадық ғой, сақтандыруға байланысты айтатын тағы бір мәселе бар – төленетін төлемнің белгілі бір шектен аспауы. Автобөлшектердің бағасы удай қымбат екенін ескерсек, біреудің кесірінен шығынға батқан көлік иелерінің уһілейтініндей бар. Шығыны толық өтелмейтін кезі аз емес.
Елдос Есенбол тарқатып баяндайды.