Өзбекстанда Парламент сайлауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда Парламент сайлауы өтті

28.10.2024

Өзбекстанда парламенттік сайлау өтті. Олий мәжілістің заң шығару палатасымен қатар облыс, қала және аудандық кеңес депутаттарының қатары жаңарды. Биылғы саяси науқанның ерекшеліктері көп, соның бастысы, сайлау тұңғыш рет аралас жүйе арқылы өткізілді.

Бұл – Өзбекстан тарихындағы VII парламенттік сайлау. Соңғысы осыдан бес жыл бұрын өткен. Бұл жолы халық тек кандидатқа емес, партияларға дауыс берді. Биылғы сайлауда жаңартылған конституцияға сай пропорционалды мажоритарлық жүйе енгізілді. Саяси додаға 5 бірдей партия қатысты. Ал дауыс беруге құқылы өзбекстандықтар саны 20 млн-ға жуықтайды.

Феруза Саидхосимова, Ташкент тұрғыны:

Өзбекстанның жарқын болашағы үшін өз сайлау учаскеме келіп, дауыс бердім. Елімізде тыныштық болғанын, Отанымыздың өсіп-өркендегенін қалаймын. Жастар сапалы білім алып, әділетті ортада өмір сүрсе деген арманым бар.

Сайлауға түсуге бас аяғы 875 кандидат тіркелген. Оның 500-і партиялық тізім бойынша. Сайлау учаскелерінде 800-ден астам халықаралық байқаушы дауыс беру барысын қадағалады. Арасында ТМД, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымдарының арнайы миссия өкілдері бар.

Қарақат Әбден, байқаушы (Қазақстан):

Халық өте белсенді. Жастары, орта жастағы азаматтары болсын, саясатқа жақындығы зор. Кандидаттардың 40%-ы әйел. Гендерлік теңдік деген жақсы. Халық ақпаратқа қанық екенін байқадық.

Олий Мәжілістің заң шығару палатасындағы 75 депутат мажоритарлық жүйе бойынша бір мандатты округтерден, қалған 75-і пропорционалдық жүйемен саяси партияларға берілген дауыс бойынша таңдалды. Сондай-ақ Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңесінің 65 депутаты мен облыс, қала және аудандық кеңестердің депутаттары сайланды. Сайлау қорытындысы бүгін жарияланады.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу