Ұлытау өңірінде Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытау өңірінде Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш ашылды

28.10.2024

Ұлытау өңірінде Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш мемориал ашылды. Осыдан 13 жыл бұрын жанқиярлықпен лаңкестің шабуылын тоқтатқан полиция капитанының ерлігі әлі ел жадында.

Мемориалдың ашылу рәсіміне жиналған көпшілік міндетіне адал әрі көзсіз ерліктің символына айналған Ғазиз Байтасовты бір минут үнсіздікпен еске алды. 2011 жылы Таразда болған лаңкестік әрекетке тосқауыл қою кезінде гранатаны денесімен жауып, жарылыстың құрбаны болды. Өшпес ерлік көрсеткен Ғазиз Байтасовқа арналған мемориал Сәтбаев қаласында еңбек жолын бастаған полиция бөлімі алаңына қойылды.

Бақытбек Байтасов, Ғ.Байтасовтың ағасы:

Ғазиз марқұмның еңбек жолы осында басталған еді. Арнап ескерткіш қояды деген соң асығып келдім. Әр қалаларында ашылып жатыр. Үлкен рақмет айтқым келеді. Кішкентай аға інімнің ерлігін елеп, осындай ескерткіш қойып жатқанына. Ұмытпай. Бұл ерлер артымыздан келе жатқан ұрпақтарға өнеге болады деп ойлаймын.

Бейбіт халыққа қатер төнгенде басын бәйгеге тіккен батырдың бейнесі мәңгі жадымызда, - дейді көз көрген әріптестері. Сәтбаев қалалық әкімдігі, Ұлытау облысы полиция Департаменті жетекшілері мен ішкі істер саласы ардагерлері Ғазиз Байтасовтың айқын ерлігі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.

Алдияр Әбішев, Ұлытау облысы ІІД тәрбие және кадр басқармасының бастығы:

Ғ.Байтасов ағамыз 1992 жылы Сәтбаев қаласында жол патрульдік қызметінде жұмысын бастаған. Қазіргі таңда мемориалдық тақтаның ашылуы мақсаты - жас қызметкерлерге, ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген ниетпен ашып отырмыз.

Террорлық акт кезінде кеудесін оққа тосып, қарсы келген ажалдың өзін қаймықпай қарсы алған батырдың есімін жаңғыртып, Ұлытау жұрты осылай құрмет көрсетті. Айта кету керек, халық қаһарманына арналған ескерткіш бюсті осыдан бірер жыл бұрын Тараз қаласында бой көтерген еді.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу