Тараздың кіреберісіндегі негізгі көпір құлағалы тұр. Осылай деген тұрғындар «тозығы жеткен өткелге жөндеу жүргізуі керек», деп дабыл қағып отыр. Талас өзенінің үстіндегі көпір 51 жыл бұрын салынған. Көпір қала халқын 6 ауданмен байланыстырып, Алматы мен Астана бағытында жалғап жатыр. Көпірдің іргетасы тозып, бетон жабындылары бүліне бастаған. Өткел арқылы тәулігіне 20 мың көлік қатынайды.
Әділхан Мелдебеков, қала тұрғыны:
Қазіргі жағдайы өте ауырлау. Машина өткенде тарсылдайды. Көпір қозғалады. Үлкен үлкен машиналар өтеді. Мен өзім осында тұрғалы жөндеу көрген жоқ. Жылда тек сырлап қояды.
Ал 22 жыл бұрын көпірдің бір бөлігі опырылып қалған. Тек 2 жыл бұрын ғана сарапшылар сейсмо зерделеу жүргізіп, ақауын анықтаған. Өзен ағысы мен мұздың қатуынан діңгектері зақымданып, бетон төсемелері жарылыпты. Қала әкімдігі көпірге күрделі жөндеу керектігін біледі. Бірақ «қаржы қолбайлау болып тұр» дейді.
Нұрсұлтан Исабеков, қала әкімінің орынбасары:
Мемлекеттік сараптамадан өткізіп отырмыз. Құны 6,4 миллиардты құрап отыр. Рреспубликаға бюджеттік өтінім берілді. Қазіргі таңда қолдау көрсетілсе біз келесі жылдың басында жобаны іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз.
Данияр Әлімқұл