Республика күніне орай астаналық куберлер мемлекеттік ту мен Қазақстан картасының бейнесін рубик текшелерінен құрастырып шықты. Панноны салу үшін 3 мың текше қолданылды. MEGA Silk Way сауда – ойын-сауық орталығына келген көрермендердің айтуынша, креативті жоба ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Салмағы 500 келі болатын картинаны куберлер 8 сағатта құрастырды. Республикалық спидкубинг федерациясының мүшелері MEGA Silk Way сауда – ойын-сауық орталығына келген жастар мен балаларға шеберлік сағатын ұйымдастырды.
Шыңғыс Қайырылбаширов, Республикалық спидкубинг федерациясының мүшесі:
Республика күніне орай MEGA Silk Way-де 6 жігіт болып Қазақстан туын кубик рубиктен құрап жатырмыз. Біздің мақсат – еліміздің туын, елімізге қатысы бар суреттерді құру арқылы көрермендердің патриоттығын ояту.
Шара көрермендері куберлердің ұшқыр ойы мен шапшаң қимылына тәнті болды. Олардың айтуынша, Республика күні дәл осындай шараның ұйымдастырылуы халыққа мерекелік атмосфера сыйлайды, жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырады.
Гүлзима Ибрагимова:
Бізге өте қатты ұнап жатыр. Мегада бүгін осындай іс-шара өтеді деген соң, көруге келдік. 3 мың кубиктен жиналады деді. Жастардың бойында осындай патриоттық сезім барына қуандық. Еліміздің туын рубиктен жинап жатыр екен.
MEGA Silk Way сауда – ойын-сауық орталығында өткен ерекше көріністі 10 мыңнан аса адам тамашалады. Куберлердің өнерінен соң, шара мерекелік концертке ұласты.
Аида Ахметбек