Шығыстағы Бұқтырма су қоймасына салынған көпір өңірдің жан-жақты дамуына септігін тигізеді. Әсіресе шекаралық аудандарда тасымал мәселесі шешілді. Ең бастысы жолаушылар бұрынғыдай сағаттап паром күтпейді. Осылайша еліміздегі ең үлкен көпірдің қолданысқа берілуіне орай мерекелік шара өтті.
Орталық Азиядағы ең үлкен су қоймасына көпірдің салынуын алты ауданның халқы 60 жыл күтті. Алыстағы ауыл тұрғындары айналма жолдың азабынан құтылды. Көктем мен күзде паромның жүруінен тұруы көп болатын. Ең бастысы енді бұрынғы қалқымалы көпірдегідей нөпір болмайды.
Әлихан Найымов, Марқакөл ауданының тұрғыны:
Ауылдан шықсақ паромға деп асығамыз. Қаладан шықсақ онда асығамыз. Келіп үлгерсек үлгердік. Үлгермесек жағада жатып қалған күндеріміз де болды. Осы көпірді салуға ат салысқан өзіміздің «Шығыс Жол» азаматтарына өте разы болып отырмын. Солардың қажырлы еңбегінің арқасында бітті.
Құрылысы 2021 жылы басталған алып көпірдің ұзындығы 1 316 метр. Ені - 12 метр болады. Екі жолақты көпірден тәулігіне 80 мың автокөлік өте алады.
Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Қазақстан арқылы Қытай мен Ресейді жалғайтын тағы да бір төте жол пайда болды. Ең қуаныштысы көпірді өзіміздің отандық компания салды. Өнеркәсіп, жол, құрылыс, кәсіпкерлік салаларының қарқынды дамуына жол ашып отыр.
Көпірден барлық көлік тегін өтеді. Ал паромдар да мүлде тоқтамайды. Оларды туристік бағытта пайдалану жоспары бар.
Олжас Керейхан