Мобильді шиномонтажға сұраныс артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мобильді шиномонтажға сұраныс артқан

28.10.2024

Көлік жүргізушілері бірінші желтоқсанды күтпей, жаппай жазғы дөңгелектерін қысқыға ауыстырып жатыр. Дөңгелек жөндеушілерінің айтуынша, биыл астаналықтардың көбі қысқа ерте қамданған. Оған қазанның ортасында түскен алғашқы қар себеп болған. Қазір мобильді шиномонтажға сұраныс артқан.

Астаналықтар қысқа ерте қамданыпты. Жүргізушілердің 70 пайызға жуығы жазғы дөңгелектерін қысқыға ауыстырып үлгерген. Шиномонтаждарда қазір кезек жоқ. Бірақ, мобильді шиномонтажды үйіне немесе жұмысына шақыратындар көбейген.

Мамыржан Абдуллаев, жеке кәсіпкер: 

Мобильді шиномонтаж 1-2 мың теңге қымбаттау болады. Бағасы 9-10 мыңнан басталады, ең қымбаты 25 мыңдай.

Дөңгелек ауыстыру былтырмен салыстырғанда қымбаттаған және жыл санап өсіп жатыр, дейді қала тұрғыны.

Асхат Әбдікәрімов, қала тұрғыны:

Қазанның бас кезінде ауыстырғандар көп болды. Қазір қар жауып жатқаннан кейін кішкене ауыстырып қояйын дедім. Бағалары жыл сайын 1-2 мың теңгеге өсіп жатыр.

Шиномонтаждарда дөңгелек ауыстырудың құны әр өңірде әртүрлі. Ең қымбаты солтүстік аймақтарда. Мәселен: Павлодар мен Орал қаласында 6 мың теңгеден 12 мың теңгеге дейін болса, Жезқазған мен Қостанайда 8 мыңнан басталып 15 мың теңгеге дейін жетеді. Ал, Астанада бұл қызметтің құны 12 мың мен 25 мың теңгенің аралағында. Ең арзан баға Шымкент пен Түркістанда – 4-7 мың теңгенің көлемінде.

Дөңгелек ауыстыру құны ғана емес, дөңгелектің бағасы да өскен. Былтыр орташа баға 25 мыңнан басталса, биыл 30 мың теңгеден жоғары.

Асылбек Данияр, тілші:

Заң бойынша 1 желтоқсан мен 1 наурыз аралығында көлік иелері қысқы мезгілге арналған дөңгелекті пайдалануы керек. Яғни қыс басталғанша, көлігі барлар жазғы дөңгелекті қысқыға ауыстыруы шарт. Егер талап орындалмаса 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде яғни 18 460 теңге айыппұл төлейді. Жүргізуші бірінші ескертуді орындамаған жағдайда 74 мың теңгедей айыппұл арқалайды.

Ал «Қазгидромет» ауа райының күрт нашарлауына байланысты ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, ертең еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр жауып арты қарға ұласады. Бұл ретте құзырлы орган өкілдері жүргізушілерге көліктің дөңгелегін желтоқсанды күтпей, қазірден ауыстыруға кеңес береді.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу