Шымкентте ВИЧ-ке шалдыққан балалар оңалту орталығынсыз қалғалы тұр. Өйткені құрылыс компаниясы кезінде қайырымдылық ретінде сыйға берген ғимаратын қайтарып алмақ.
Орталықтағы мамандар да, балалардың ата-аналары да қазір әрі-сәрі күйде. «Отау групп» компаниясы жыл соңына дейін ғимаратты босатып бересіңдер, деген қатқыл талап қойып отыр. Балаларды СПИД-тен қорғау қоры осында он жыл бойы жұмыс істеп келді. Дерт жұқтырған 267 баланың 60-ы кәмелет жасына жетпегендіктен қазір осы қордың есебінде. Сондықтан олар бұл орталықтың көмегіне зәру, дейді мамандар.
Айнұр Бәкірқызы, оңалтау орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы:
Өйткені отбасында айта алмаған дүниелерін осы жерге келгенде бір-бірінен қысылмай психологтардың көмегімен ашып айта алады. Өтпелі кезеңнен өтіп жатқан жасөспірімдеріміз бар. Сол үшін балалар қордың көмегіне мұқтаж.
«Отау групп» компаниясы бұл ғимаратты балалар 18 жасқа толғанға дейін тек уақытша пайдалануға бергенбіз деп отыр. Екі жақты келісім бойынша қор тек ВИЧ-ке шалдыққан балаларға ғана психологиялық, ақпараттық қолдау көрсетуі тиіс болған.
Ерсін Жаңабай, компания басшысының көмекшісі:
Бұл кісілер келісілген мақсатта жұмыс жасамағандықтан ғимаратты алайын деп отырмыз. Өйткені коммерциялық мақсатта табыс көзі ретінде жұмыс жасаған.
Ақпараттық-оңалту орталығы бүгінде ВИЧ-ке шалдыққан балалармен қоса сал аурумен туған балаларға да емдеу, оңалту көмегін көрсетіп келеді. Ол үшін мемлекеттік тапсырыс аясында ақша алып отыр. Ғимарат дауына себеп болған осы жәйт. Бүгінгі таңда мұнда 40 бала күні бойына ем алады.
Фарида Сейітбекова, ата-ана:
Жарты жолда осы ерекше балаларды далаға тастау деген ұлтымызға жат нәрсе деп түсінемін. Ол кісі кезінде қайырымдылыққа беріп тұрып, уәдесінен тайғанына өте қатты қынжылып отырмыз.
Жауапты мекеме өкілдері қор үкіметтік емес ұйым болғандықтан өз ғимараты болуы керек. Біз ауру балаларды оңалту және оларды күтіп қарағаны үшін ғана қаржы бөлеміз, дейді.
Раушан Сейітакбар, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:
Конкурсты кім ұтады, сол жаққа жайғастырамыз. Ата-ананың қалауы бойынша жеке мекемеге немесе өзіміздің мемлекеттік орталықтарға орналастырамыз.
Қорға енді өзге баспана іздегеннен басқа амал қалмай тұр. Ал «Отау групп» компаниясы қайырымдылыққа берген ғимаратты тұтастай қайта жөндеп, кемістікпен туған балаларды оңалтатын өзге орталық етіп қайта жасақтамақ.
Ғани Қалмаханов