Элеваторларда орын тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Элеваторларда орын тапшы

28.10.2024

Ел диқандары жаз бойы маңдай терін төгіп өсірген астықты қайда жіберерін білмей дал. Өйткені элеваторларда орын жетпейді. Биыл Қазақстан қамбаларына 25 млн тонна астық құйылды. Рекордтық көрсеткіш. Алайда жаз бойы толастамаған жаңбыр салдарынан өнімнің ылғалдылық көрсеткіші жоғары. Оны тез арада кептірмесе, шіріп кетуі мүмкін.

Алтын астықты сақтайтын қоймасы жоқ шаруалар шаш етектен шығынға батамыз ба, деп алаңдаулы. Әсіресе шағын шаруашылықтардың жинаған дақылы осылай далада жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, еліміздегі қоймалардың жалпы сыйымдылығы 30 млн тонна. Демек, орын жеткілікті. Ал іс жүзінде керісінше. Шаруалар элеватор таппай шырылдап жүр.

Раиль Мендеев, шаруа:

Келісімшарт жасамас бұрын, элеваторлар бидай қалдықтарынан бас тартуды талап етеді. Оның өзі қыруар қаржы. Кез келген шаруашылықтың астықты өздері кептіретін мүмкіндігі жоқ. Серіктестік басшылары өнімді өткізу үшін амалсыз келіседі. Элеваторларды ешкім бақыламайды.

Ылғалдылығы жоғары бидайды кептіру үшін уақыт та, жұмсалатын шығын да көбейеді. Салдарынан кезек те азаймай тұр.

Нұржан Дәуітов, элеватор директоры:

Шаруалар әлі өте көп хабарласып жатқан. Ондай қабылдайтын мүмкіндік жоқ бізде. Өйткені элеватор қазір толып тұр. Бір ай болды газ жоқ, біз Астанадан алып келуге мәжбүр болып жатырмыз. Газдың бағасы басында 160 теңгеден, одан кейін 180 теңгеден сатып алдық.

Газ тапшылығы жығылғанға жұдырық болып тұр. Көгілдір отын уақытылы келмей қалған күні астық кептіретін орындардың жұмысы тоқтайды. Енді элеватор өкілдері тарифті көтеруге мәжбүр болатындарын айтып отыр.

Мәрлен Оспанов, ҚР АШМ өсімдік шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы:

Астық мол болғандықтан, ондай мәселелер шығып жатыр. Үкімет тарапынан да, біздің тараптан да біраз жұмыс жүргізіліп жатыр. Элеваторлар тәулік бойы қабылдай алуы үшін жұмыс жістеп жатырмыз. Қазір біраз элеваторлар күндіз қабылдап, түнгі уақытта кептіру жұмыстарымен айналысып жатыр.

Биыл өнімдік жоғары болғанымен баға төмен. Кейбір шаруалар көктемгі егіс науқанына алған ниесиелерін қайтару үшін астықты арзанға сатуға мәжбүр. Ал қоймасы бар шаруашылықтар бағаның көтерілуін күтіп отыр.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу