Oxford Qazaq Dictionary сөздігін енді америкалықтар да қолдана алады. 60 мыңнан астам сөз енген құнды кітап әлемдегі ең үлкен АҚШ Конгресі кітапханасына тапсырылды. Бұдан бөлек қазақ руханияты мен мәдениеті үшін аса маңызды тағы бірнеше туынды АҚШ-тың бас кітапханасына берілді.
«Қазақ тілі» қоғамы дайындап шығарған Oxford Qazaq Dictionary сөздігімен қатар ағылшын тіліндегі Абай шығармаларының жинағын, «Ұлы дала ойындары» және «Қазақтың отбасы фольклорын» енді кітапхана сөрелерінен табуға болады. Кітапхансында елу жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Джоан Уикстің айтуынша, қазіргі таңда батыс зерттеушілерінің Қазақстанды тануға деген қызығушылығы артқан. Сондықтан кітапхана қоры тиісті тың дүниелермен толығып отыруы аса қажет дейді.
Джоан Уикс, Конгресс кітапханасы Таяу шығыс бөлімінің бастығы және Түркия бойынша маманы:
Зерттеушілер үшін мұндай сөздіктердің болуы қаншалықты маңызды екенін сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл қазақ халқының жан дүниесіне бойлап, әдебиетін түсіну үшін баға жетпес құндылық.
Қазіргі кезде Конгресс кітапханасының қорында 173 миллионнан астам зат бар. Оның 40 миллионға жуығы кітаптар мен өзге де баспа материалдары, аудиожазбалар, карталар және қолжазбалар. 450-ден астам тілде еңбектер сақталған. Қазақ тіліндегі туындылар да молайып келеді.
Рауан Кенжеханұлы, «Қазақ тілі» қоғамының президенті:
Бүкіл адамзаттың тіліне қатысты ақпарат, мағлұмат жиналатын жер. Сондықтан осындай үлкен адамзаттық қорға қазақ мәдениеті үшін қазақ тілі үшін маңызды дүниелердің қосылуы біз үшін өте қажет дүние деп санаймыз.
Ал бұл жолы тапсырылған туындылар тасада қалып қоймай, оқырман көретіндей етіп сөрелерге қойылды. Екі жақ әлемдік кітапхананың қорын қазақ руханиятына қатысты маңызды еңбектермен тұрақты түрде толықтырып отыруға келісті.
Жалғас Сәдібекұлы