Қазақстан мен Моңғолия стратегиялық серіктестік туралы құжатқа қол қойды. Орталық Азия елдерінің арасында біздің мемлекет осындай келісім жасаған алғашқы ел. Қос тарап тағы бірнеше маңызды келісімге келді. Сонымен қатар алыс-берісті үш есе көбейтуге уағдаласты. Ежелден тарихы ортақ көшпенділер жаңа замандағы байланысты қалай жандандырмақ? Мемлекеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Моңғолия мемлекеті қалай қарсы алды? Ұлан-Батырдан Шерхан Жамбылұлы.
Ұлан-Батырдың басты алаңы. Ұлы қағанның алып ескерткіші төбеден көз тастап тұр. Мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президентіне моңғол тарапы сән-салтанатпен құрмет көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлан батырлар, яғни Шыңғысхан жасағының қызыл киіміндегі сардарлар мен сауыт киген салт атты жауынгерлер қарсы алды.
Президенттер делегация мүшелерін таныстырып, Қасым-Жомарт Тоқаев құрмет кітабына қолтаңба қалдырды. Мемлекет басшысы даңқты қолбасшы, тарихи тұлға Шыңғыс хан рухына тағзым етемін деп жазды.
Иә, қазақ пен моңғол ұлы дала өркениетінің өкілдері. Тарихы тамырлас, дәстүрі ұқсас. Моңғолияның жер көлемі үлкен болғанымен, халық саны бүгінде 3,5 миллион ғана. Оның жартысынан астамы ел астанасында тұрады. Ұлан-Батыр көшпенді мәдениетін сақтап келе жатқан әлемдегі ең ірі қала. Мұнда әлі күнге дейін киіз үйден көшпей, салтты сақтап отырғандар бар.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, қазақ пен моңғолға ортақ дүниенің бірі киіз үй. Ол тіпті Президент сарайының ішінде де орнатылған. Дәл қазір ішінде Мемлекет басшылары шағын құрамдағы келіссөз жүргізіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Құрметті Президент, бүгін Сіздің шақыруыңыз бойынша Моңғолияға мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Маған және Қазақстан делегациясына, бұл – үлкен құрмет.
Ухнаагийн Хурэлсух, Моңғолия Президенті:
Шын мәнінде, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды.
Қазір қос ел арасындағы алыс-берісті көп деуге келмейді. Былтыр қазақ-моңғол 150 млн-ға жуық АҚШ долларына сауда жасаған. Біз нан өнімдері, темекі, кофе мен шоколад және машина қозғалтқыштарын сатсақ, шығыстан бізге вагондар мен құрылыс тауарлары, ет, түбіт және аяқ киім әкелінеді. Президент таяу арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу керек деген меже қойды.
Дуурен, Моңғолия сауда палатасының атқарушы директоры:
Моңғолия үшін Қазақстанмен қарым-қатынасты дамыту стратегиялық тұрғыда өте маңызды.Себебі ол бізге ең жақын «үшінші» көршіміз. Сондықтан Моңғолия бизнесіне Қазақстанмен өте белсенді жұмыс істеу керек.10-15 жыл бұрын біздің қарым-қатынас қарқынды дамып жатқан еді. Алайда, кейін баяулап қалды. Бізге ең керегі логистика. Қазір Ресеймен қатынап жатырмыз. Енді Қытай арқылы да жолды дамыту керек. Біздің логистикалық компаниялар осы мәселені қарастырып жатыр.
Айбол Гунзубек, Қазақстан кәсіпкері:
Негізі қазақ мемлекетінде де, моңғол мемлекетінде де тәжірибелі мамандар көп. Тарихпен байланысамыз. Бірақ қазір екі елдің қарым-қатынасы орташа деңгейде. Осы сапардан кейін мен ойлаймын екі елдің кәсіпкерлері туризм саласын дамытады, медицина жағынан, IT жағынан, кен-тау тәжірибесін бір-бірінен алады деп кәміл сенімдімін.
Алыс-берістің әсіресе мына салаларда әлеуеті зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен индустриясы, өнеркәсіп, инвестиция, жаңа технологиялар, ғарышты игеру салаларында ықпалдастықты жандандыру қажет.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Моңғол тарапы бұл сапарға үлкен көңіл бөліп отырғаны байқалады. Мына жерде сәлден соң президенттер сөз сөйлейді. Осы үстелдің алды қазақ туымен түстес гүлдермен көмкерілген.
Президенттер Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Бұл құжат түрлі саладағы тиімді байланыстарды дамытуға тың серпін береді деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің тарихымыз, рухани және мәдени құндылықтарымыз – ортақ. Бүгінгі кездесу қазақ тарихында айрықша орын алатын Жошы ұлысының 800 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның екі халық үшін символдық мәні зор. Соңғы жылдары қазақ-моңғол қатынастары қарқынды дамып келеді. Берік татулыққа негізделген ынтымақтастық стратегиялық серіктестікке ұласты.
Тағы бір маңызды келісім. Қазақстан Моңғолияға жерсерік экспорттамақ. Сонымен қатар моңғол мамандары Қазақстанға келіп, ғарыш технологиялары саласындағы білімін жетілдіреді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Бұл Қазақстан тарихындағы қазақстандық инженерлер толық әзірлеген алғашқы экспорттық спутник болмақ. Жерсерік Моңғолияның қажеттіліктеріне бейімделіп, өңірлік спутниктік инфрақұрылымды нығайтады және Қазақстанның ғарыш технологиялары саласындағы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Бұдан бөлек Қазақстандағы тері және жүн өңдеу зауыттарын модернизациялау бойынша екі ел ортақ жоба әзірлемек. Ал, Моңғолияда бірлескен вакцина өндірісі ашылады.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Бізде Қазақстанда, Тараз қаласында QazBioPharm зауыты бар. Олар аусылға қарсы вакцина шығарады. Қазір Франциямен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Осы жерде бір филиалын ашу туралы тапсырма берілді.
Президент экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халықаралық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыру – маңызды міндеттің бірі. Ол үшін екі ел арасындағы және басқа мемлекеттермен көлік қатынасын жетілдіру қажет. Сонда елдеріміздің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемі ұлғая түседі. Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану маңызды.
Иә, жол мәселесі жергілікті қазақтардың күрмеулі мәселесі. Қазақстан мен Моңғолияның ортақ шекарасы жоқ. Тіке жол болмағасын, жарты күн айналып жүруге мәжбүр.
Тілейхан Әлмәлікұлы, Моңғолияның өнеркәсіп қайраткері:
Моңғолдан шыққан қазақ Қазақстанға барып, Өскеменге кешке үйіне қайтып келетін мүмкіндік болып отыр. Қазір Ресеймен айналамыз. Өте ұзақ жүреміз. Бюрократизм кедергісі көп, шаршап жүрміз. Ресеймен жүргенде 800 км жүреміз. Қазір 2-3 шекара асамыз.
Екі мемлекеттің дәнекері осы моңғол жеріндегі 140 мыңға жуық қазақ диаспорасы. Басым көпшілігі Баян-Өлгей аймағында тұрып жатыр. Ел билігі қандастарымыздың тілі мен ділін, дәстүрін сақтап, дамыту үшін барынша жағдай жасап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде Астана мен Ұлан-Батыр арасында бауырластық байланыс орнаған. Осындай байланысты басқа да аймақтар арасында дамыту маңызды. Моңғолиядағы қазақ диаспорасы – берік достықтың алтын көпірі. Қандастарымызға қамқор болып жүрген Моңғолия басшылығы мен халқына алғыс айтамыз.
Елдің орталық аймағында да 20 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Ұлан-Батырдағы жастар жиі бас қосады. Олардың басты тілегі қазақ мәдени орталығының ашылуы.
Барыс Ауқатұлы, «Алаш Моңғолия» бейресми жастар ұйымының төрағасы:
Адам ортасымен көркейеді. Бізде Ұлан-Батыр қаласында жүрген қазақ жастары атажұрттан алыспыз. Біздің жетілуімізге бір орын болса, домбырамызды тартып, ешкім кет демейтін, ешкім кел демейтін орын болса әлбетте жақсы.
Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух ресми келіссөздер жылы әрі іскерлік сипатта табысты өтті, өзара ықпалдастықтың басымдықтары мен жол картасын айқындалды деді.
Ухнаагийн Хурэлсух, Моңғолия Президенті:
Сіздің мемлекеттік сапарыңыз барысында екі елдің дәстүрлі достық қарым-қатынасын одан әрі кеңейту және дамыту жөнінде тарихи шешім қабылдадық. Аталған айтулы оқиға өзара байланыстарымыздың жаңа кезеңіне жол ашады. Қазақстан Республикасы – Моңғолиямен стратегиялық серіктес елге айналған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұған қуаныштымыз.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Жалпы келіссөздер қорытындысы бойынша 12 құжатқа қол қойылды. Сауда-саттықпен қатар тараптар ғылым мен білім, мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берді. Моңғол жастары үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарының есігі ашық екендігі айтылды. Ортақ тарихта ұмыт қалған жоқ Президент ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерін тарихымызды бірлесе зерттеуге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қадам екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін деді.
Шерхан Жамбылұлы