Қызылорда облысының білім саласында мемлекет қаржысын жымқыру қылмыстары көбейген. Осыған орай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мектеп директорларын түзеу мекемесіне апарып, экскурсия өткізді.
Қаладағы жалпы режимдегі колонияда аяғын шалт басқан жандар тар қапаста жазасын өтеп жатыр. 40-қа жуық директор темір тордың ар жағындағы өмірді көзбен көріп, сотталғандардың тұрмысымен жақыннан танысты. Жемқорлықтың түбі түрме. Антикор осы шара арқылы лауазымды тұлғаларға еркіндіктің құны қымбат екенін түсіндіргендей.
Жандос Жүсіпалиев, облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басқарма басшысының орынбасары:
Біз мектеп есепшілеріне осындай экскурсиялық жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында істеліп жатқан шаралардың бірі.
Жалпы аймақта білім саласындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жиілегені құзырлы орган өкілдерін алаңдатып отыр. Жыл басынан бері 3 мектеп директоры, 39 есепші мемлекет қаржысын жымқыру дерегімен сотты болған. Алдағы уақытта ауыл-аймақтағы білім ордаларының басшылары да түзеу мекемесіне экскурсия жасамақ.
Әділбек Серікұлы