Алаяқтарға алданғандар азаяр емес. Биыл 9 айда қазақстандықтар 21 млрд теңгені санап берген. Түрлі ұйымдардың атынан телефон шалып немесе SMS жіберу арқылы алдайтындар өз алдына, енді сыйлық береміз дейтін айлакерлер пайда болған. Толығырақ Динара Жарқынбек тарқатады.
Қызылорда облысының тұрғыны Базаркүл Таңатарова мүгедек бала бағып отырған жалғызбасты ана. Медбике 200 мың теңге жалақымен күнелтіп келген. Бірақ 3 жыл бұрын әлдекімдер «қайырымдылық қорынан хабарласып, Астанадан пәтер берілетінін айтыпты. Күнін әрең көріп жүрген ана «қайырымдылық» деген соң сендім» дейді. Үйдің жобасын көру үшін, оған қоса, әлгі адамдардың жүзін де білу үшін видеомен байланысқа шығуға келіскен. Артынша, бірнеше банктен 10 млн теңге несие рәсімделгені жайлы хабарлама келіпті. Содан бері жалақысын банктер ұстап қалып, қарызға белшеден батқан. Ал құзырлы органдар іс қозғамады дейді.
Базаркүл Таңатарова, облыс тұрғыны:
Бұл кісі маған шығып, инвестиция жасап, халыққа, жетім-жесірлерге көмектесіп келе жатқанын айтты. Мен өзім дұрыс түсінбеген соң, артынша банктен хабар келді, кредит алдыңыз деп. Жәбірленуші деген қағаз берілді. Осы күнге дейін қиналып келе жатқаным, ауру балам бар. Ескі үйде 3 отбасы тұрамыз.
Іс қозғалмауына себеп, алаяқтардың алдап несие рәсімдегенін дәлелдеу қиын. Ал әккілердің айласы таусылар емес. Енді олар қыз-келіншектерге гүл жіберіп, оны алғанын растау үшін код сұрайтын көрінеді.
Тимур Асылханов, журналист, блогер:
Қазір бейтаныс нөмірмен, сізге гүл жеткізем десе, алмаған жөн. Өйткені алаяқтар сізге гүл жіберіп, оны алғаныңызды растау үшін, арнайы код жібереді. Таныс келіншекте осындай жағдай болып, ол кодты айтқан. Артынша, атынан кредит рәсімдеген.
Полицейлер алаяқтармен күресіп жатырмыз дейді. Бірақ кей қылмыс өзге мемлекетте жасалғандықтан, қылмыстық істі ашу, алданған адамның қаражатын қайтару қиын. Ал алданатындардың көбісі қарт адамдар екен.
Қаныш Ашжанов, ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры:
SIM карта мерзімі өтіп кетті деп хабарласуы мүмкін. Немесе ойын өткіземіз деп алдауы мүмкін. Судың есептеуішін ауыстырамыз деп телефон шалу өте көп. Және сот орындаушылар ретінде телефон шалу немесе SMS арқылы жіберу мүмкін.
Заңгерлер банктердің жұмысын да қатаң бақылауға алу керек, дейді. Жандос Тұяқов бұл шаралар қылмысты азайтады деп сенеді.
Жандос Тұяқов, заңгер:
Мен біріншіден банктерді қаралап жатқан жоқпын. Бірақ кредит алған банкке тиімді. Шыныменде бұл сұрақ көп адамдарды толғандыратын сұрақтардың бірі. Бұл жерде міндетті түрде банк саласынан бір қызметкердің тікелей байланысы бар. Бұнда біз тек қана болжай аламыз. Бірақ болжамымыз логикаға сәйкес келіп тұр.
Қазір алаяқтарға алданбаудың ең оңтайлы тәсілі-несие, микрокредит алуға eGov арқылы тыйым салу. Бүгінде 600 мың қазақстандық несиеден бас тартқан екен.
Динара Жарқынбек