Елімізде тіркелетін жол көлік оқиғаларының 90 пайызы жүргізушілердің қарапайым ережелерді сақтамауынан. Ішкі істер министрлігінің ақпараты осындай. Инфроқұрылымның нашарлығы, автокөліктің жағдайы сияқты басқа да себептері бар. Құзыретті органдар жол жүру мәдениетін арттыру үшін айыппұл мөлшерін көбейтіп, тәртіпті бақылаудың жаңа тәсілдерін енгізіп жатыр. Оңғар Алпысбайұлы негізгілеріне тоқталады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Жылдамдықты шекті мөлшерден асырғандарға салынатып айыппұл әртүрлі екені белгілі. Неғұрлым қатты жүрсеңіз қалтаңызға түсетін салмақ та ауырлай береді. Айыппұл бұрын мынадай 3 категорияға бөлінетін. Енді оған 4-ші категория қосылды. Шекті мөлшерден 60 км сағаттан асырғандарға 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бір жылдың ішінде құқық бұзушылық қайталанса айыппұл құны 1,5 есе өседі. Айлық есептік көрсеткіштің көлеміне қарай жыл сайын мөлшері өсіп отырады.
Айтпақшы қазіргі заңға сәйкес салынған айыппұлды 1 аптаның ішінде төлесеңіз 50 пайыз жеңілдік қарастырылғанын да ұмытпаған жөн. Ішкі істер министрлігі мұндай қатаң шараға жүргізушілердің жолда жүру мәдениетін арттыру үшін бардық деп отыр.
Өйткені соңғы 9 айда жүргізушілерге қатысты 9 млн 300 мың хаттама толтырылыпты. Соның тең жартысы жылдамдық шегін ескермей жүйткігендер екен. Жыл басынан 19 мыңнан астам жол-көлік оқиғасында 1 800-ге жуық адам қаза тауып, 25 мың адам түрлі дене жарақатын алған.
Ал адам шығыны болған жол апатының 60 пайызы қалааралық трассаларда тіркелген. Жүргізушілердің арасында тура камераның астына келгенде көлігін бәсеңдетіп, ары қарай зулай жөнелетіндері де бар. Ондайларға арнайы орташа жылдамдық ұғымы енгізілді. Енді жол бойындағы камера көліктің жылдамдығын ғана емес, оның өткен уақытын да тіркеп отырады. Сосын келесі камераға жеткенге дейінгі уақыты есептеледі. Мәселен тас жолдағы шекті жылдамдық сағатына 100 километр делік. Әрбір 50 шақырым сайын камера орнатылған. Яғни бұл аралықты кез келген көлік кемі 30 минутта жүріп өтуі керек. Ал, одан тез өткендерге орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салынады. Орташа жылдамдық ұғымы енгізілгенімен механизмі әзірге пысықталып жатыр. Шамамен желтоқсан айының ортасынан бастап күшіне енуі мүмкін.
Оңғар Алпысбайұлы