Шымкентте бүгін шахматтан әйелдер арасындағы беделді гран-при жарысы басталды. Оған әлемнің 8 елінен ең үздік деген он гроссмейстер қатысуда. Олардың ішінде әлемдік рейтингте екінші орында тұрған қытайлық Тань Чжунъи, үндістандық Дивья Дешмух және германиялық Элизабет Петц бар. Турнир 9 күнге созылады. 15 жылдық тарихы бар гран-при турнирінде жалпы есепте екі рет жеңімпаз болғандар келесі әлемдік шахмат тәжінен үміткерлер турниріне қатысуға мүмкіндік алады. 6 кезеңнен тұратын шахмат сайсының алғашқысы Тбилисиде өтті. Шаршы тақтадағы тартыс Шымкенттен кейін Монако, Кипр, Автралия және Үндістан елінде жалғаспақ.
Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы хатшысы:
Гран при стандартты шахмат, классикалық түрінен өтеді. Әр ойынға 1,5 сағат беріледі. Бір айналым 3-4 сағатқа жалғасады. Айналыммен әр ойыншы бір-бірімен ойнап шығады. Соның ең мықтысы осы гран придің жеңімпазы болып табалады.
Әйелдер арасындағы турнирге Қазақстан құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева да қатысып жатыр. Ол алғашқы ойынын болгариялық Нұргүл Салимовамен өткізді. Халықаралық шахмат федерациясы ұйымдастырған ойынның жүлде қоры 80 мың доллар. Оның 18 мыңы бірінші орын алған ойыншыға беріледі.
Бибісара Асаубаева, шахматтан халықаралық шебер:
Турнир өте маңызды жарыс саналады. Өйткені әлем біріншілігіне жолдама беретін сайыстың бірі. Сондықтан да үздік ойын көрсетуге тырысамын. Тыңғылықты дайындық жасадым және соңғы кезде маңызды жарыста жиі ойнап жүрмін. Жалпы турнир Қазақстанда шахматтың дамуына, кең өрістеуіне жол ашады деп ойлаймын.
Ғани Қалмаханов