Астанада Халықаралық дзюдо федерациясының академиясы ашылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Халықаралық дзюдо федерациясының академиясы ашылуы мүмкін

30.10.2024

Мемлекет басшысы сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясының президентін қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев, Мариус Визерге дзюдоны дамытуға және насихаттауға қосқан үлесі үшін ризашылық білдірді. Президенттің айтуынша, Қазақстанда спорттың бұл түріне қызығушылық зор. Әсіресе, балалар мен жастар арасында танымалдылыққа ие. Өз кезегінде Мариус Визер, Қазақстанда дзюдоны дамытуға қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде көптеген секция мен жаттығу орталықтары жұмыс істейді. Онда 160 мыңнан аса адам, солардың ішінде балалар да жаттығады. Жақында өткен Париж Олимпиадасында Елдос Сметовтің жеңімпаз атанғанын мақтан тұтамыз. Сондықтан біз Халықаралық дзюдо федерациясымен қарым-қатынасты өркендетіп, ынтымақтастықты жандандыруға ниеттіміз.

Мариус Визер, халықаралық дзюдо федерациясының президенті:

Қазақстанға келу – мен үшін үлкен мәртебе. Сізге, еліңізге және дзюдоға ғана емес, әлеуметтік интеграцияның және бейбітшіліктің бірден-бір тетігі саналатын спорттық қозғалысқа қолдау көрсеткеніңізге ризашылығымды білдіремін.

Сондай-ақ Мариус Визер елімізде дзюдо академиясын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл аймақтағы жоғары санатты жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлайтын орталықтардың бірі болмақ. Бұдан бөлек, 2027 жылы елімізде өтетін дзюдодан Әлем чемпионатына дайындық мәселелері пысықталды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы, Мариус Визерді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу