Алматыдағы ірі зауыттың жұмысшылары бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүр. Темір жолға қажетті бағыттаушы жетек шығарумен айналысатын «КазЭлектроПривод» компаниясының әр қызметкерге 1 млн теңгеден аса берешегі бар. Осылай деген жұмысшылар зауыт басшыларының екі айдан бері із-түссіз кеткендерін айтады.
Тиісті еңбек ақысын сұраған бір топ жұмысшы бүгін тағы зауыт алдына жиналды. Алайда құлпы салынған есікті іштен ешкім аша қоймады. Айтуларынша, кәсіпорын жыл басынан жалақыны кешіктіре бастаған. Мамыр айының жарты ақшасын шілдеде аударыпты. Содан бері есеп шоттарына бір тиын да түспеген.
Әбдірахман Шерхан, техникалық бақылау бөлімінің басшысы:
Осы үш айлық көлемде 1,5 млн жалақы қарыз. Жалпы есептік қарыз бұл жерде 150 млн-дай. Біздің медсақтандыру төленбеген. Зейнетақымыз төленбеген және салыққа ешқандай ақша түспеген.
Осылайша жұмыс беруші өз міндеттерін орындамады дегендер есеп шоттары бұғатталып, бірнеше ай несие төлемегендерін айтады. Қаржылық қиындықтарға тап болды деген зауыт та екі айдан бері жұмысын тоқтатқан.
Қанағат Керімбай, техникалық-жоспарлау бөлімінің басшысы:
Зауыт 29 тамыздан бастап жұмыс жасамай тұр. 29-ынан бастап офистік режимде жұмыс жасады. Одан кейін жарықты өшіріп тастады деді. Дәл қазіргі уақытта зауытта ешкім жұмыс жасамайды. Тіпті, соңғы мәліметтерге сүйенсек, күзетшілердің өзі кетіп қалған.
Қараусыз қалған зауыттың басшыларымен сөйлесу мүмкін емес, - дейді еңбек ақысын талап еткендер. Кеңселері жабық, қоңырауға жауап бермейді. Амалы таусылғандар қалалық еңбек инспекциясына арыз жазды.
Әнуар Төлеуғали, қалалық еңбек инспекциясы департаментінің инспекторы:
Аталған шағымға сәйкес тиісті тексеру ашылады. Тексеріс жүргізе отырып жұмыс берушіге тиісті шара қолданылады. Яғни ұйғарым беріледі. Және әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Талап орындалмаған жағдайда мәселеге жеке сот орындауышылары араласып, қаржы мәжбүрлі түрде өндіріледі, - дейді еңбек инспекциясы. Шарасыз қалған жұмысшылар қалалық полицияға да арыз жазып, тарқасты.
Қуан Нұрақын