Ресейдің Омбы қаласында суретші Амангелді Шәкеновтің көрмесі ашылды. "Эрмитаж-Сібір" орталығында орналасқан көрмеде суретшінің үздік туындылары ұсынылған. Сонымен қатар, Омбыда Шәкенов атындағы шәкіртақы тағайындалды. Индира Бегайдар тарқатады.
Көрмеде 1970-2010 жылдар аралығындағы картиналары бар. "Жайлау" дипломдық жұмысынан бастап, өмірден кетер алдында жазылған соңғы "Бата" туындысы ұсынылған. Көркем және графикалық туындылардың жалпы саны 50-ге жуық. Сондай-ақ, экспозиция үшін отбасылық коллекциядан бірнеше көпшіліктің назарына ұсынылды.
Асқар Раисов, Омбы қаласының тұрғыны:
«Қазақтың кең-байтақ даласын, тауды, өнерін әсем суреттей алды. Суретшінің туындылары көзі жоқ болса да, оның шын талант екенін көрсетеді. Әріптестері де әлі күнге дейін жылы естелікпен еске алады.»
«Жалпы Амангелді Шәкеновтың шығармашылығы Қазақстан мен Сібірдің заманауи көркем өнерінің дамуына үлес қосты»,- дейді ұйымдастырушылар. 2019 жылы Омбыда Қазақстанның консулдығының жанынан суретшіге ескерткіш де ашылған еді.
Торғын Ашенова, «Омбы қазақтары» журналының бас редакторы:
«Биыл үш үздік художественно-графический факультеттің студенттеріне Шәкенов атындағы стипендия сыйланды. Ол үлкен шара деп біз санаймыз. Өйткені ол Амангелді Әбдірахманұлының естелігі болып қалады.»
Көрме үшінші қарашаға дейін жалғасады. Алдағы уақытта қылқалам шеберінің бейнелеу өнеріне қосқан еңбегін насихаттап, шығармашылығын дәріптеу үшін конференция өткізілмек.
Индира Бегайдар