Осыдан 10 жыл бұрын Қытайдың Гуанчжоу әуежайында 4,5 келі есірткімен ұсталған Ақжарқын Тұрлыбай елге қайтарылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Сенаттың кезекті отырысында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты. Өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақ қызын қайтару үшін тиісті органдар аянбай жұмыс істеп жатыр. Оларға Сыртқы істер министрлігі де қолқабыс етуде. Жаза басқан қыздың өзі де адвокатпен ұдайы байланыста.
Ғалымжан Қойгелдиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
СІМ-мен бірлесе отырып, ол Қазақстан азаматын Қытайдан қайтаруға бар күшімізді салудамыз. Біз бұл жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Бұл жұмыс белсенді түрде атқарылуда. Менің ойымша, жақында оң шешімін табады деп сенемін. Оның өз жазасын елге келіп өтегісі келетіні туралы бізге арыз келіп түсті. Ол жазасын елде өтегісі келеді.
Бүгін Сенат депутаттары 2017 жылы ратификацияланған Қазақстан мен Вьетнам арасындағы «Сотталған адамдарды беру туралы шарттың» тағы бір бағытын бекітті. Оған сай қос мемлекет бір біріне құқықтық көмек көрсету, қылмыс жасап жасырынып жүрген азаматтарды ұстауға септесу және сотталғандарды беруге уағдаласқан.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір Вьетнам аумағында 100 мыңнан астам Қазақстан азаматы жүр. Бірақ сотталғандар жоқ. Қазақстан аумағында да жазасын өтеп жатқан Вьетнам азаматы тіркелмеген. Жалпы Қазақстанда қазір мыңнан астам шетел азаматы жазасын өтеп жатыр. Оның басым бөлігі ТМД елдерінен.
Нұрсұлтан Тілектес