Шығыстағы Шемонаиха ауданындағы Үлбі өзеніндегі көпір апатты жағдайда тұр. 1964 жылы салынған нысанның техникалық қызмет көрсету сапасы күн сайын нашарлап барады. Алайда одан басқа өзеннен өтетін жол жоқ. Ресейден келіп-кететін жолаушылар да осы көпірмен жүреді. Яғни шекаралық аймақ үшін стратегиялық маңызға ие. Ұзындығы 228 метрлік көпірді алғаш жобалап салғанда бүгінгідей көлік нөпіріне есептелмеген. Сондықтан соңғы бірнеше жылдан бері көпірге түсетін салмақты азайту үшін бір жолақты көлік қозғалысы енгізілді. Бұл ары-бері ағылған жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларға да қолайсыз.
Александр Иванченок, жүк көлігінің жүргізушісі:
Кезінде бұл жолмен кен өнімдері тасымалданды. Содан тез тозып кетті. Қазір, міне, әрең тұр. Қашан құлайтынын кім білсін. Сондықтан жаңасын салу керек.
Ескі көпірді жаңғыртуды аудандық бюджет көтермейді. Сол үшін көпір жергілікті теңгерімнен облыс қарамағына ауысты. Ал жаңасын салуға шамамен 12-14 миллиард теңге керек. Бұл қаржы республикалық бюджеттен бөлінуі мүмкін.
Нұржан Жұмәділов, ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Көпірдің жағдайына қарасақ, айналып өту мәселесі туындайды, ол қиын. Сондықтан көпірдің қасынан жаңа көпір салуды жоспарлап отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр. Көпірдің құны шамамен 12-14 млрд теңге болады деп жоспарлап отырмыз. Алдын ала санау соны көрсетіп отыр.
Олжас Керейхан