Елге қайтарылған заңсыз активтердің қаржысын білім, ғылым салаларына бағыттаған дұрыс. Әсіресе, білім беру несиесін іске қосу керек. Алматылық сарапшылар осындай ұсыныс айтты. Ал халық әлеуметтік нысандардың салынуын қолдайды. Бас прокуратураның мәліметінше, қазір қорда 177 млрд теңге бар. Қазынаға қайтарылған миллиардтар қандай мақсатта жұмсалуы керек? Айдана Қуантхан сарапшылармен тілдесіп көрді.
Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару ісі қарқынды. Олардың ішінде қымбат көлік те, ақша мен жылжымайтын мүлік те бар. Елге қайтарылған ақшаның 12 млрд теңгесі әлеуметтік жобаларға жұмсалады. Алматыда мәдени орталық салынса, Шымкентте халықтың осал топ өкілдеріне арнап, тұрғын үй тұрғызылады. Ал Ақмола облысында 2,1 млрд теңгеге спорт кешені, Түркістан облысында 890 млн теңгеге 300 орындық өнер мектебі салынбақ. Одан бөлек, қазынадағы 7 млрд теңгеге 2 сауда-логистикалық орталық тұрғызу жоспарланып отыр.
Осы ретте экономист Бекнұр Қисықов қайтқан қаржыны жүйелеп, әлеуметтік бағдарламаларды көбірек іске қосу керек, дейді.
Бекнұр Қисықов, экономист:
Мүмкіншілігі шектеулі адамдарға жұмыс жетпейді. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру керек.
Ал саясаттанушы Мақсат Жақау қазынаға қайтқан ақша есебінен жоғары білім алғысы келетіндерге жеңілдік қарастырылса деген ұсынысын айтты.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
Білім несиелері күшеюі керек. Себебі, қазір ақысын төлей алмай жатқан, университеттерге қарыздары бар ата-аналар көп. Осы қиындықтарды еңсеру үшін арнайы білім кредиттерін күшейту керек. Ол несиелер ең төменгі пайызбен баланы қинамайтындай деңгейде болуы керек.
Қаржының қай бағытта жұмсалуына қатысты алматылықтардың ойын білген едік.
Активтерді қайтару комитеті шетелге кеткен заңсыз ақша, қымбат көлік пен үйлерді қайтарып жатыр. Олар мемлекет меншігіне өтіп, әлеуметтік мақсатта халық игілігіне жұмсалады. Мәселен, осыған дейін Қайрат Сатыбалдының құны 733 млрд теңге болатын мүлкі тәркіленді. Олардың ішінде эксклюзивті зергерлік бұйым, жылжымайтын мүлік бар. Сондай-ақ, жақында жер учаскесі аукционға шықты.
Айдана Қуантхан, тілші:
Қаланың беделді ауданында орналасқан бизнес орталығы электронды сату алаңына аукционға шықты. Аумағы 22 мың шаршы метр болатын нысанның құрылысы аяқсыз қалған. Ғимарат 6 млрд 278 млн теңгеге саудаланды.
Айдана Қуантхан