Жапониядағы теңдессіз шешім: Алып туннель арқасында Токионы топан су баспайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапониядағы теңдессіз шешім: Алып туннель арқасында Токионы топан су баспайды

01.11.2024

Жапония астанасы Токио төпелеп жауған жаңбырдан төнер қауіп-қатер мен сынға сақадай сай. Табиғаттың тосын мінезінен өзендер тасыса да, алып шаһарды топан су баспайды. Ғалымдары мен жергілікті билік өкілдері жұмыла жұмыс істейтін Жапониядағы теңдессіз шешім туралы әріптесім Қаракөз Тұрмағанбет баяндайды.

Мына алып құрылысты құпия бункер немесе фильм түсіруге арналған алаңқай ма дерсіз. Алайда бұл – Токионы топан судан қорғайтын жерасты кешенінің бір бөлігі. Резервуарға жүз олимпиадалық бассейнге сиятын, яғни 220 мың текше метрден астам суды сақтауға болады.

Ёсио Миядзаки, жоба менеджері:

Құрылыс 23 жыл бұрын қолданысқа берілген еді. Содан бері 147 рет автоматты түрде іске қосылып, ел астанасын су басу қаупінен қорғады. Соның арқасында шамамен 1 млрд АҚШ долларына жуық басы артық шығыннан сақтап қалды.

Ел арасында «жерасты сарайы» деп аталып кеткен бұл жер «ел аман, жұрт тынышта» туристер мен шығармашылық ортаның сүйікті орнына айналады. Фото, видео, бейнеклиптер түсіріледі, қысқасы, коммерциялық жоба ретінде де пайда табады.

Диаметрі 13 метрлік таутесер құрал осы күнде тағы бір су сақтайтын резервуардың құрылысын жүргізіп жатыр. Бүгінде 5 шақырымға жуық жер қазылған. Бұл да ертеңгүні Токио халқын айтып келмейтін апаттан қорғайтын және бір су жинағыш коллектор болмақ.

Сюн Отомо, Токио құрылысы басқармасының қызметкері:

2050 жылға қарай жаһандық жылыну әсерінен ауа температурасы Цельсий бойынша 2 градусқа көтеріледі деген болжам бар. Салдарынан жауын-шашын 10 пайызға ұлғаяды. Сондықтан біз климаттың өзгеруіне әзірден дайындалып жатырмыз. Токиолықтардың қауіпсіздігі біз үшін өте маңызды.

Сэйта Эмори, Токио университетінің профессоры:

Атмосферадағы бу мөлшерінің еселеп артуы сол жаһандық жылынуға байланысты. Салдарынан жаңбыр көп жауып, жер-жерде топан су басу қаупі күшейе береді. Біздің болжам бойынша, Токиода да нөсер жауын жиілейді.

Жапония астанасында кейінгі жылдары жауын-шашын мөлшері ұлғайған. Жаңбыр суын сақтауға арналған автоматты жүйе соңғы рет 30 тамыз күнгі тайфун кезінде іске қосылған. Ал маусым айында төрт рет жерасты туннельдеріне су жиналған. Сөйтіп, бұл жүйенің бір айдағы қызметі, былтырғы көрсеткіштерден еселеп артқан, дейді мамандар.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу