Есту қабілеті нашар жандарға арналған IT жоба - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есту қабілеті нашар жандарға арналған IT жоба

01.11.2024

Нигерияда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған түрлі жоба бар. Солардың бірі – есту қабілеті төмен адамдардың цифрлық сауаттылығын дамытуға арналған бастама. Арнайы орталықта мүмкіндігі шектеулі жандар IT саласының негіздерін үйреніп, кейін жұмысқа орналаса алады. Мұндай қайырымды істі нигериялық азаматтардың бірі қолға алған.Тақырыпты толығырақ халықаралық шолушы Арай Төлегенқызы баяндайды.

Нигерияда есту қабілеті нашар адамдарға цифрлық сауаттылықты оқытатын жоба сәтті жүзеге асып жатыр. Deaf-in-Tech атты бастама ел астанасы Абуджада осыдан екі жыл бұрын қолға алынған. Сол уақыттан бері IT-саласының негіздерін арнайы әдістеме арқылы мүмкіндігі шектеулі мыңнан астам жан үйренген. Бұл орталықта есту қабілеті төмен мұғалімдер де сабақ береді.

Виктор Ориха, Deaf-in-Tech жобасының жаттықтырушысы:

Оқушыларымның білім алуға деген құлшынысы мені ынталандырады. Өзімнің тәжірибемнен есту қабілеті нашар адамдарға өздеріне ұқсайтын жанды үлгі тұту маңызды екенін білем. Сол себепті бұл жерде олардың мақсатқа жетуіне және дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік мол.

Студенттер курс барысында бағдарламалауды, веб-дизайн мен цифрлық маркетингті үйренеді. Оқу аяқталғанда олардың білімін дәлелдейтін арнайы куәлік беріледі.

Буба Лавиза Иса, студент:

Технология саласында білімімді арттырғым келеді. Курс кезінде үйренген дағдыларым арқылы жұмыс табатыныма сенімдімін. Бұл жоба мен сияқты жандардың үмітін оятты.

Жоба авторы - осы елдің Айола Ароволо есімді азаматы. Мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру, заман талабына сай цифлық дағдыларды үйрету. Әсіресе, курсқа әйелдерді көптеп тарту көзделген. Себебі жоба авторларының пікірінше, көбінесе мүмкіндігі шектеулі нәзік жандылардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі аз екен.

Айола Ароволо, жоба авторы:

Құлағы нашар еститін әйелдер көбінесе ер адамдарға қарағанда алалаушылыққа тап болады. Мұны өзгертуді қолға алмасақ, экономикалық алшақтық арта береді. Бұл жолы курсқа қатысып жатқандардың 86 пайызы - әйел.

БҰҰ-ның дерегіне сай, әлемде мүмкіндігі шектеулі 2 миллиард адамның көбі дамушы елдерде тұрады. Олардың 26 миллионға жуығы Нигерия азаматтары екен.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу