Алматы облысында қара сексеуіл ағашының 2 тонна тұқымы жиналды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған апталыққа 2 мыңнан аса адам қатысты.
«2015 жылы сексеуілді отын ретінде пайдалануға мораторий жарияланғаннан бері орман қоры айтарлықтай молайды. Биыл Балқаш ауданында 6 мың гектардан аса аумаққа қара сексеуіл тұқымы себілмек. Күздің осы кезеңі тұқым жинауға өте қолайлы уақыт, - дейді мамандар. Жоспар бойынша 31 мың тонна тұқым жиналып, тазаланып, зертханаға өткізіледі. Ары қарай сапасы анықталған соң, егіледі.
Димаш Қожабеков, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары:
Бұл шараға орман шаруашылығының қызметкерлері, аудан жастары, аудан тұрғындары, студенттер және оқушылар қатысты. Бұл енді акцияның мәні өте зор және бұл бастаманы ары қарай жалғастырамыз деген ойдамыз.
Акция аясында Балқаш өңірінен жалпы көлемі 24 тоннадан аса тұқым жиналған. Бұл шараға белсенді атсалысқан жастар табиғатты аялап, күтуді осындай шаралар арқылы үйренетінін айтады.
Диана Науқан, ерікті:
Сексеуілдің негізгі пайдасы – осы шөлейт аймақтарда желді құмнан қорғау және оның ауаға көп үлесі бар. Ол 99% таза ауаны шығарады. Және біз тұқымның қалай жиналуын, тұқымның қалай пайда болатынын білдік және оны қалай жерге егуін көріп, түсіндік.
Облыстың орманшылары бұған дейін жиде, Шренк шыршасы мен қайың ағаштарының 350 кг тұқымын жинаған. Қарой ауылында 400 гектар аумаққа қара сексеуіл тұқымын сеуіп үлгеріпті. Мамандар бұл акция табиғатты қорғауға, экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталғанын айтады.
Қуан Нұрақын