Қазақстанда 725 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 200 мыңнан астамы сапалы білімге зәру. Бұл туралы бүгін Сенатта өткен «Инклюзия жөніндегі кеңес» отырысында айтылды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мүгедектігі бар азаматтардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасау керек. Бірақ бұл бағытта шешілуі тиіс түйткілдер бар. Мәселен мемлекет тарапынан бөлінетін оқу гранттарының 1 пайызы ғана мүмкіндігі шектеулі жандарға қарастырылған. Бұл өте аз. Одан бөлек педагогтар инклюзивті ортада жұмыс істеуге дайын емес. Кеңес осы мәселелерге көңіл бөліп, оң шешім табуы керек, - деді Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инклюзивті қоғам құру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Аталған бағытта тиісті органдарға нақты міндеттер жүктелді. Бұған дейінгі отырыстарда ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамту, оларды оңалту мәселелерін талқылаған едік. Бүгін мүмкіндігі шектеулі жандарға сапалы білімнің қолжетімділігін қаматамасыз ету ісіне кеңінен тоқталамыз деп жоспарлап отырмыз. Осындай кешенді жұмыс Қазақстанда инклюзивті орта қалыптастыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз.
Нұрсұлтан Тілектес