Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Талды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Медицина нысаны заманауи үлгіде жабдықталған.
900-ге жуық тұрғыны бар Талды ауылы бұған дейін ескі әрі аядай бөлмені емхана қылып келген. Енді тұрғындар шалғайдағы аудан орталығы мен Қарағанды қаласына бармай-ақ, ауылда ем қабылдай алады. Жаңа нысан құрылысына 212 миллион теңге қаражат бөлінген. Одан бөлек барлық керекті құрылғылармен жабдықталған.
Бейсек Аукешов, ауыл тұрғыны:
Аядай, 1-2 суық бөлмеде қаралып жүруші едік, енді замануи үлгіде салынған емханамыз бар, мың алғыс. Бұрынғыдан үлкен. Жаңа, әрі тиімді, қолайлы.
Талды ауылында емханадан бөлек, жаңа әкімшілік бой көтеріп, ескі футбол алаңы жаңартылды. Ішкі жолдар жөнделіп, жарық бағандары қойылды. Келер жылы да жұмыстар жалғаспақ. Басты назарда тарихы терең Қаражартас қорымы болмақ.
Дәурен Құралұлы, Шет ауданы әкімінің орынбасары:
Әр елдімекенде, әр округтерде әкімдердің сұранысына сәйкес, халықтың ақылдасуымен көптеген игілікті жұмыстар жасалуда. Ойын алаңдары мен спорт нысандары салынып, спортқа баулу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жандос Бақытұлы