Дубай полициясы дрондар санын көбейтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дубай полициясы дрондар санын көбейтпек

02.11.2024

Дубай полициясы өз қызметінде дрондар жүйесін көптеп қолдана бастады. Ұшқышсыз аппараттар төтенше жағдайлар кезінде шұғыл әрекет ету және жалпы қауіпсіздікті жақсарту құралына айналған. Осы бағытта «Дрон бокс» бастамасы жетілдіріліп жатыр. Бұл арқылы полиция оқиға орнынан мәліметке тез қол жеткізуге, барынша жылдам әрекет етуге мүмкіндік алды. Дубай полициясының инновациясы жайында халықаралық шолушы Арай Төлегенқызы толығырақ баяндайды.

Дубай полициясының жұмысын Drone Box немесе дрон қораптары жүйесі жеңілдетіп жатыр. Бұл тәртіп сақшыларына төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Дрондар оқиға орнына 2 минуттың ішінде барады. Құтқару топтары жеткенше, жағдайға баға береді. Оқиға орнынан дәл сол уақытта тікелей трансляция жасайды.

Мәжид Әл-Касим, Ұшқышсыз әуе жүйесі орталығы арнайы операциялар бөлімінің басшысы:

Орталық оқиғаларды басқару жүйесімен толық біріктірілген. Мысалы, көлік апаты туралы қоңырау түссе, полиция дрондар арқылы оқиға орны мен апатқа қатысты ақпаратқа бірден қанық болады.

Ұшқышсыз аппараттар көлік апаты, нөсер жауын, өрт кезінде қолданылады. Мысалы, олар төтенше жағдайлар кезінде көмекке зәру адамдарды табуға жәрдем береді.

Мәжид Әл-Касим, Ұшқышсыз әуе жүйесі орталығы арнайы операциялар бөлімінің басшысы:

Бұл – бірегей шешім. Дубай полициясы құқық қорғау органдары ішінде алғаш болып бұл инновацияны енгізіп жатыр.

Автономды әуе алаңы алғаш рет 2021 жылы таныстырылды. Қазір Дубайда 6 дрон қорабы жұмыс істеп тұр. Олардың қызметі 240 шаршы шақырым аумақты қамтиды. Жыл соңына оны 640 шаршы шақырымға ұлғайтып, құрылғы санын 8-ге жеткізу жоспарланған.

Мұхамед Омар Әл-Мухайри, Ұшқышсыз әуе жүйесі орталығының басшысы:

Біз бұл жүйе арқылы жұмысты оңтайлы еттік. Оқиғалар кезінде ресурты дұрыс пайдалануға қол жеткіздік.

Полиция қала тұрғындарына дрон жұмысына алаңдамауды ескертті. Бұл аппараттар адамның жеке өміріне қол сұқпайды, тікелей бақылау жүргізбейді. Керісінше қауіпсіздікті арттыруға үлес қосады.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу