Елімізде отбасы құндылығын дәріптеуде әкелер одағы белсенді атсалыспақ. Бүгінде бұл қозғалысқа республика бойынша ерікті түрде мыңға жуық азамат қосылып отыр. Байыпты бастама арқылы көпке үлгі-өнеге көрсетіп жүрген әкелерді насихаттап, қоғамға ой салуды көздейді.
Елорда тұрғыны Ерболат төрт баланың әкесі. Отбасының асыраушысы жұмысы қауырт болса да жанұясына көп көңіл бөлуге тырысады. Қолы қалт етсе балаларымен серуендеп, әке қамқорлығын көрсетіп, тәлім-тәрбиесін береді. Түрлі спорт үйірмелеріне де өзі апарып-әкеліп, әрқайыссының жанынан табылады.
Ерболат Қасымұлы, қала тұрғыны:
Әкенің міндеті жәй ғана ақша тауып жұмыс істеу емес. Және де балаға өте көп көңіл бөлу. Әке балаға сыншы деген. Баланың жанында болсақ ол өзін әрқашан еркін сезінеді.
«Тәрбие тал бесіктен басталады». Осындай тақырыппен Қызылордада әкелер одағының республикалық форумы өтті. Еліміздің әр өңірінен келген 150-ден аса ер азамат отбасы құндылығы бағытында ой-пікір алмасып, түрлі мамандардан кеңес алды. Әсіресе, соңғы жылдары оқушылар арасында келеңсіз жағдайлардың белең алуы көпті алаңдатып отыр. Сондықтан, «осы мәселеде әке тәрбиесі ақсап тұрғанын көрсетеді», - дейді форумға қатысушылар.
Арыстанғали Арын, «Әкелер одағы» қоғамдық ұйымының жетісу облыстық филиалы төрағасы:
Бала тәрбиесіне әкелерді тарту мәселесі өте өзекті болып тұр. Әкелер бұл жұмысқа араласпайды. Өйткені, көптеген әкелер бүгінгі әке боп жатқан азаматтардың әке образы жоқ. Сондықтан, әкелеріміз мықты болса, мемлекетіміз мықты болады деп есептеймін.
Балаға әкенің тәрбиесін 100 мектеп те бере алмайды. Енді осы бағытта әкелер одағы белсенді атсалысып, әр өңірде келелі іс-шаралар ұйымдастырмақ.
Әділбек Серікұлы