Президент күштік құрылымдарға жақында тағайындалған тұлғаларды қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент күштік құрылымдарға жақында тағайындалған тұлғаларды қабылдады

03.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев апта соңында күштік құрылымдарға жақында тағайындалған лауазымды тұлғаларды қабылдады. Нақтырақ - Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қ. Далматовты, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Б.Әленовті және Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы М.Әбікеевті. «Кездесу барысында тиісті ведомстволардың жауапты қызмет бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берілді»,-деп жазды Ақорда сайты. Олар Талғарда Шерзат есімді бозбаланы өлтіріп кету оқиғасынан кейін тағайындалғандар. Ал Шерзаттың өліміне байланысты Бас прокурордың орынбасары Ғ.Қойгелдиев журналистерге «Талғардағы кісі өлтіру оқиғасына қатысты тергеу амалдары тұрақты бақылауда тұр» деп, тергеудің аяқталмағанын баяндаған. Жұрт, бірнеше мәлімдеме жасаған баланың әкесінің тағдырына алаңдаған. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ депті.

Озбыр әрекеттерге байланысты айта кететін бір ақпарат - Алматының әскери соты биыл мамырда әскерде жүріп көз жұмған жауынгер Досымжан Сәлімжанның өліміне офицер Жанбота Шәкіров кінәлі деп лейтенант шенінен айырып, 7 жылға соттаған. Солдаттың жақындарына 10 млн теңге моральдық шығын ретінде төлеуі керек. Жасы 19-дағы Атыраудың тумасы Досымжан мамыр айында госпитальде көз жұмған еді. Әлгі Жанбота дегеннің ұрып-соққаны дәлелденген.


Хабарламаларға жазылу