Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысын өткізді

03.11.2024

Шетелдік тікелей инвестициялар не береді? Қарапайым сұрақ. Қарапайым қайырсақ, жұмыс орындары ашылады, ал бұл біздің еліміз үшін өте маңызды. Бірден келтіре кететін мәлімет Finprom.kz. порталы жариялаған есепке қарасақ, қазақстандықтардың 70% -тен астамы орташа жалақыдан төмен жалақы алады. Жұмыс істеп жүргендердің тек 3% -нің айлығы 1 млн-нан жоғары. Нақтырақ айтсақ, биыл жалданып жұмыс істейтін адамдардың 70 проценттен астамы ресми түрде орташа жалақы деп есептелетін 403 мыңнан аз алады. Бұл 3,4 млн еңбекші халықтың 2,4 млн-ы. Ал 1,5 млн адам айына 250 мың теңгеден де аз алады. 1 млн және одан жоғары алатын 3 процент дегеніміз - 112 мыңнан сәл асатын адам. Олар негізінен қаржы, сақтандыру, IT секторда.

Тікелей шетелдік инвестиция туралы әңгімені жалғастырайық. Технологиялық прогресске жетелейді. Жақсы технологиялар әкеледі. Қаржы тұрақтылығына әсері бар. Жол, электр желілері сияқты инфрақұрылымдарды қаржыландырса, жалпы дамуға әсер етеді.

Бірақ... Бірақ шетелдік тікелей инвестициялардың негізінен шикізат секторына құйылып жатқаны өтірік емес. Шетелдік инвесторлар ұзақ мерзімді және пайдасы шамалы жобаларға жолағысы жоқ. Иә, капиталистің өз философиясы бар. Алайда осы жерде жұмыс істеп жатқандарының жұмысшыларға айлықты еңбегіне лайық, ал бюджетке салықты әділ төлеуі тиіс. Сонымен бірге, бұл енді ылғи күн тәртібінде тұрады – бізге дайын өнім, күнделікті тұтынатын өнім шығаруға және сапасын арттыру үшін білім саласына, инфрақұрылымдарды дамытуға инвесторлар керек.

Бейсенбіде Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық менеджментті дамыту институтының мәліметіне сүйеніп, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылды деді. «Инвестиция құюға тартымдымыз» дегенді осындай рейтингілерге сүйеніп айтпаса, өтімі аз. Сосын 2029 жылға қарай «шетелдерден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз» деген өршіл мақсат қойдық» деп ғаламат жоспармен бөлісті.

Шетелдік инвесторлардың пленарлық отырысына орай Айя Мүтәлінің материалы.


Хабарламаларға жазылу