Министрлер кабинеті алдағы үш жылдың бюджетін таныстырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министрлер кабинеті алдағы үш жылдың бюджетін таныстырды

03.11.2024

Үкімет ұлттық қордан кезекті рет транш алады. Сәрсенбіде Парламент Мәжілісі Олжас Бектеновтің кабинеті дайындаған алдағы 3 жылға арналған бюджетті мақұлдап, ұлттық қордан 5,3 триллион теңге бөлуге келісті. Қордан былтыр да шамамен осынша қаражат алынған. Яғни бюджеттің жыртығын болашақтың қаржысымен жамау дәстүрге айналды... 

Сәрсенбідегі Мәжіліс отырысында депутаттардың басым бөлігі Үкіметтің жоспарын 2 минутта мақұлдады. Тек талқылау кезінде кей депутат кірісінен шығысы көп Үкіметке «бұл қалай?» деген сұрақ қойды. Әрине, Үкіметтің жауабы дайын. Қазынаның бүйірі толмай тұрғанын соғыспен, мұнайдың бағасымен байланыстырады. 

«Бюджетті қараған кезде бізге 32 трлн теңгеге өтініштер түсті, бірақ қолымызда бар қаражат 15-ақ трлн теңге»,–деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.

Қазақстан бюджетінің 40 проценті шикізат эспортына тәуелді. Экономикадағы орта бизнестің үлесі 7 пайыз. Сонда қара алтынның құны одан сайын құлдыраса біздегі бюджеттің жайы не болмақ? Кез келген азаматты мазалайтын бұл сұрақты депутат Бақытжан Базарбек Үкімет мүшелеріне қойып көрді.

«Мұнай баррелі 60 доллар болады деген болжамға сәйкес Үкіметте пессимистік жоспар бар. Айтыңыздаршы, мұнай бағасы қатты түссе не істейсіздер? Мәселен, 60 доллардан төмен кетсе ше? Үкіметте елді құтқаратын Б жоспары бар ма?»,-деді депутат.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджет қаражатын реттеу үшін 3 жыл ішінде «жаңа Салық кодексін қабылдап, үлкен өндіріс ошақтарын іске қосып, өндірісті жандандырып, бизнесті дамытуымыз қажет»,-дейді. Қажет екенін қоғам да біледі.

Ал экономистер қазіргі бюджет жағдайы, Үкімет жұмысының көрсеткіші деп бағалайды. «Яғни білікті маман дегеніңіз жоқтан бар жасайтын емес, барды келістіре алатын адам. Сондықтан әуелі бюджет қаражатын желге ұшырмаудың амалын ойлау керек»,-деді мамандар.

Осы талқыға орай сөз соңы: депутат Елнұр Бейсембаев халықтың қарызға бату көрсеткіші бақылаудан шыққанын айтты.

Қазіргі таңда 8 млн 400 мың қазақстандықтың несиесі бар. Бұл экономикалық белсенді жұрттың 80 пайызынан көбі банктерге қарыз деген сөз. 1,4 трлн теңгенің төлем уақыты кешіктіріліп жатыр. 1 млн 700 мың адам алған несиесін қайтара алмайтын жағдайға жеткен. Бұл қазақстандықтардың табысы төмендеп кеткенін көрсетеді. Депутат мемлекет тарапынан шұғыл шара қолданылуы керек деді.


Хабарламаларға жазылу