Отандық автокөлік өндірісі және елдегі жеңіл көліктер паркі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық автокөлік өндірісі және елдегі жеңіл көліктер паркі

03.11.2024

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстанда жиналған автокөлікке отыруға уәде беріпті. Журналистер отандық автоөнеркәсіпті дамыту, қолдауды айтудан жалықпайтын министрден неге отандық көлікпен жүріп, соны жарнамаламайтынын сұраған. Утильалымға байланысты қоғам наразылығына орай «Отандық автопромды қалай дамытамыз?» деп шырылдағаны есте. Бірақ бұл жолда ұсақ-түйек болмайтынын ұмытып кеткен сияқты. «Шын мәнінде сіздердікі дұрыс, елімізде жиналған көлікке отыру керек. Мен қызметтік көлікті ауыстыруды өтінейін»,-депті министр.

Сонымен отандық автоөндіріс қашан өркендейді? Бізде жекеменшік автопарктің басым бөлігінің тозығы жеткен. Сол салдыраған мәшинелерді жаңартуға септігі тие ме? Екіншіден, ешкім сүліктей BMW сұрамайды, 10-15 жыл сүрінбейтін «жорға» болса, болды.

Ал оған жеңілдетілген несие беріле ме? Жоқ. Ол бағдарлама бір жарым жыл бұрын тоқтаған. Соңғы рет 2023 жылдың ақпанында 18 секундта рәсімдеп үлгергендер үлгеріп, одан асқандары үлгермегені есте. «Қанша ақша бөлінсе де, әрқашан аз. Себебі адам көп, қаражат көп емес. Дегенмен Үкімет жеке тұлғалардың автокөлік алуына лизинг беру туралы заңға өзгеріс енгізуді қолдап отыр»,-депті Қанат Бисимбаевич. Автокөлікте 2 км сым болады екен. Отандық автоөнеркәсіптің «жыры» да сондай ұзақ. Кейбір шумақтарын Амангелді Сейітхан өрнектейді.


Хабарламаларға жазылу