Түрлі табиғи апаттардан баспананы сақтандыру мәселесі арагідік көтерілетін, биыл көктемде еліміздің жартысын дерлік топан су басқаннан кейін заң қабылданатыны хабарланды. Демеушілер қатысты, бірақ бюджетке кәдімгідей салмақ түсті. Сондықтан баспананы сақтандыруға міндеттейтін заң қабылдаудың логикасы бар. Дегенмен сұрақтар да бар. Ең бастысы - онсыз да төлейтін дүниесі көп жұртшылық жарна көлемі қанша болуы мүмкін екенін білгісі келеді.
Қазір елімізде жылжымайтын мүлікті сақтандырумен айналысуға қақы бар оннан аса компания жұмыс істейді. Заңның бастамашысы Қаржы нарығын реттеу агенттігінің есебінше, табиғи апаттардан тұрғын үйді сақтандыру деңгейі еліміз бойынша 3,2 процент ғана. Олар мүлкін ерікті түрде сақтандырғандар. Агенттікті басқаратын Мәдина Әбілқасымова әуелі қандай үлгіге сүйенетінімізді анықтау керегіне тоқталған. «Ірі табиғи апаттан кейінгі шығынды сақтандыру ұйымдары көтере алмайды, сондықтан мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қағидасы дұрыс»,-депті. Ал жарнаға келсек, пәтер мен жеке үйдің құны әр түрлі, сондықтан жарнасы да әр түрлі болатыны түсінікті. Бірақ «шамамен мынша теңге» дегенді өкімет жағы айтпайды.
Параллель қылып келтіруге болатын автокөлікті сақтандыру нарығында шығынды төлеудің шегі бар. Айлық есептік көрсеткішпен есептелетін төлемнің жоғары максималды шегі биыл мысалы, 2 215 200 теңге. Жалпы, сақтандырудан беретін ақшаның көбіне шығынды жаппайтынын өткен бағдарламада айттық. Сақтандыру компанияларын тыңдасаң, көлігіңді сатып, көмектескің келеді. Баспананы сақтандыру нарығында қалай болар екен?
Мәселені Раушан Сайлауқызы қаузап көрді.