Шымкентте мемлекеттік сатып алу конкурстарын жеңген 12 компания күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдерінің мәліметінше, олар жалған құжат жасап, құрылыс компанияларын құрған.
Осылайша, сатып алу сайтының автоматтандырылған рейтингтік көрсеткішіне әсер етіп, компаниялардың бұл салада мол тәжірибесі бар екенін көрсеткен. Бірақ сыртқы талдау нәтижесінде күдіктілердің бұған дейін ешқандай құрылысқа қатысы болмағаны және тапсырыс берушілердің талаптарына сай келмейтіні анықталды. Оңай олжа тапқысы келгендердің әккі әрекетінен қазынаның 21 миллиард теңгесі шығын болған.