Израиль – «Хезболла» соғысынан 3 мыңдай адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль – «Хезболла» соғысынан 3 мыңдай адам қаза тапты

04.11.2024

Ливанда Израиль шабуылдарынан қаза тапқандар саны 3 мыңға жақындап қалды. Өткен тәуліктің өзінде 13 адам мерт болған. Жалпы алғанда «Израиль-Хезболла» соғысынан зардап шеккендердің ішінде мыңдаған бейбіт тұрғын бар. Cолардың бірі – басынан аяғына дейін күйік шалған Ивана. Израиль-«Хезболла» соғысынан мүлде бейхабар. Сонда да соғыс құрбаны. Бірнеше апта болды аурухана төсегіне таңылғанына, ойнағысы келеді, бірақ ойын түгіл қозғалуға мұршасы жоқ.

Мұхамет Скаики, Ивананың әкесі:

Балалықтың бар қызығынан айрылған перзентім. Ол қазір қорқынышпен, дертімен өмір сүріп жатыр. Бір айдан кейін екіге толады. Бала болғандықтан, азабын жеткізе алмас. Бірақ сеземіз. Жүрегіміз онымен бірге ауырады. Қызымыз үшін мықты болуға тиіспіз.
Бүлдіршін – Ливанның оңтүстігінде Израиль әуе күштерінің соққысынан зардап шеккен сан мың жанның бірі. Сол күні, яғни қыркүйектің 23-де Ивананың ата-анасы әл-Алия қаласынан қашарда зымыран соққысына тап болыпты.

Мұхамет Скаики, Ивананың әкесі:

Дүйсенбі еді. Жақындап қалған соғыс жайлы қорқынышпен күн кешіп жаттық. Сол күні жағдай ушықты. Кетуге жарты сағат қалғанда осы оқиға болды. Алапат жарылыстан, үйіміз теңселіп, терезе сынып, төбе құлады. Бір қарасам, қызым ракетаның шаңының астында жатыр екен. Маған қарап жатты.
Ивананың отбасы порттық қала Тирге аман есен жетті. Әкесінің айтуынша, баланың жағдайы жақсарып келеді. Ал дәрігерлердің сөзінше, тері трансплантациясынан өткен Ивана бірнеше күнде ауруханадан шығарылады.

Зиад Сүлейман, пластикалық хирург:

Бала терісінің 40 пайызын күйік шалған. Негізінен оның беті, басы, аяқ қолдары және кеудесі зақымданды. Жанды ауыртатын ота. Себебі бұл операциядан кейін пациенттің терісіндегі жара ұзақ уақытқа қалады ғой.
Ливан үкіметінің дерегінше, Израильдің сол күнгі шабуылдарынан 550-ден астам адам қаза тапты. Израиль болса, бейбіт халықтың қырылуына жол бермеуге әрекеттеніп жатқанын айтып, «Хезболла» жасақтарын тұрғын үйлер мен елдің арасына әдейі жасырынды деп айыптап отыр. Қарсы жақ болса, өзіне тағылған кінәні жоққа шығарып келеді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу