Президент мемлекеттік сапармен Францияға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент мемлекеттік сапармен Францияға барды

04.11.2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронның шақыруымен Францияға мемлекеттік сапармен барды. Еуропа елінде бірқатар маңызды кездесулер жоспарланған. Сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени гумманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. Оңғар Алпысбайұлы жалғастырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон жыл сайын бір біріне сапарлайды. 2022 жылы Қазақстан Президенті Францияға келсе, тура бір жыл бұрын Астана Макронды қабылдаған. Бүгін міне Париж әуежайында Франция Президенті қадірлі мейманын қарсы алып тұр.

Қазақстан мен Франция 2008 жылдан бері стратегиялық серіктес. Екі ел арасындағы алыс берісте кедергі жоқ. Орталық Азиямен жасалатын сауданың негізгі бөлігін де біз алып отырмыз. Ал соңғы жылдары әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты қос тарап та ықпалдастықты арттыруға бейілді болып отыр.

Жұмабек Сарабек, саясаттанушы:

Францияға, жалпы Еуропаға энергетика саласында Ресейдің мұнайы мен газын алмастыра алатын альтернативті жаңа ойыншылар қажет. Қазақстан, жалпы Орталық Азия жаңа өзектілікке ие болып отыр. Одан кейін Франция жаңа уран кен орындарына мұқтаж.

Қазақстан Францияға мұнай, металл, химия және ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Ал, кері бағытта ұшу аппараттары, электронды және механикалық құрылғылар, көлік, дәрі-дәрмек пен азық-түлік импорттайды.

Былтыр екі ел арасындағы сауда саттықтың көлемі 4,2 млрд доллар болса биыл тоғыз айда 3 млрд 960 млн-ға жеткен. Бұл өткен жылғы осы кезеңнен 45 пайызға көп.

Президент сапары қарсаңында қос елдің 250 кәсіпкері қатысқан іскерлік кеңес өтті. Олар түрлі саланы талқылай келе жиырмадан астам құжатқа қол қойды. Осылайша, қазақ-француз бизнесінің бірлескен кәсіпорыны еселене түсетін болды.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Олардың ішінде коммерциялық құжаттар саны 12. Сол он екі құжаттың толықтай сомасы 2,2 млрд теңгені құрайды. Ол цифрландыру саласында, фармацевтика саласында индустриялық жобаларымыз бар. Франция -  Қазақстанның Еуропадағы ірі инвесторы.

Мәдениет, білім-ғылым саласындағы байланыс та бекем. Қазір мыңнан астам қазақстандық студент францияның жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Өткен жылы бұл елдің жетекші университеттері Алматыда филиалдарын ашқан. Қазір факультеттерін көбейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Қазіргі таңда Франция үкіметі мен біздің министрлік халықаралық екі жақты бірлескен ғылыми зерттеу университетін пысықтап жатырмыз. Оны келесі жылы ашуды көздеп отырмыз. Оның мақсаты – Францияның ең мықты зерттеуші университетімен біздің ұлттық зерттеу университеттерінің бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеп, технологиялар трансфертін әкелу. Әсіресе Франция телекоммуникация саласында, атом энергетикасы саласында, генетика, биология, биомедицина саласында өте мықты дүниежүзінде дамыған мемлекет. Сондықтан да ең мықты бізге қызықты салалардағы ғылыми тәжірибені Қазақстанға әкелуіміз керек.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазір Қазақстанда француз капиталымен 200-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Франция қазақ еліне инвестиция құятын елдердің үздік бестігіне кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы сапары екі елдің барлық саладағы байланысын одан әрі мығымдай түсері анық. Өйткені негізгі келіссөздер ертеңге жоспарланып отыр.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу