Саран қаласында жүк көлігін шығаратын зауыт салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саран қаласында жүк көлігін шығаратын зауыт салынады

04.11.2024

Қазақстанда жүк көлігін шығаратын зауыт салынады. Кәсіпорын Қарағанды облысының Саран қаласында салынбақ. Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде қос тараптың қомпаниялары бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды. Қытайға жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов, екі ел арасындағы ынтымақ жоғары қарқынмен дамып жатқанын жеткізді. Өзара сауда көрсеткішін екі есеге арттыру жоспарда бар. Сонымен бірге, Қытайдың жетекші компаниялары өкілдерімен жалпы сомасы 2,5 миллиард доллар болатын 8 коммерциялық келісімге қол қойды.

Арғұлан Майқонов, бірлескен жобаның жетекшісі:

«Саран» индустриялық аймағының базасында жүк және коммерциялық техника өндіретін жаңа зауыт салынады. Жаңа кәсіпорын құру бізге қосымша 1,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз жаңа технологияларды аламыз. Дәнекерлеу, катафорез, бояу және шағын торапты құрастыру үшін заманауи жабдықтар сатып алынады. Жас инженерлер Қытайда қолданылатын жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік алады.

Сегіз коммерциялық келісімге қол қойылды

Қытайлық инвесторлар, Қазақстанда тиамулин мен тағамдық қоспалар өндірісіне қызығушылық танытты. Ол үшін республикада дәнді дақылдарды, оның ішінде жүгеріні терең өңдеу бойынша кәсіпорындар салынбақ.

Ержан Елекеев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Қытайлық компаниялардың бірі зауытты салуға дайын екенін мәлімдеді. Тиамулин мал шаруашылығында қолданылатын танымал дәрі. Кейіннен өнімді әлемдік нарықтарға, оның ішінде Қытайға экспорттау жоспарлануда. Сондай-ақ біз астықты терең өңдеумен айналысатын компаниямен келістік. Оның басшылығы Ақмола облысында түрлі тағамдық қоспалар шығаратын кәсіпорын салуды жоспарлап отыр. Инвестиция сомасын қытай тарапы 650 миллион доллар көлемінде қамтамасыз етеді.

Үкімет басшысы Қытай робототехника индустриясының соңғы жетістіктерімен танысты

Бұдан бөлек, Олжас Бектенов Шанхай қаласында Чжанцзян ғылыми қаласының «Роботтар алқабында» барды. Денсаулық сақтау, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларындағы Қытай робототехника индустриясының соңғы жетістіктерімен танысты. Қазір, аталған ғылыми-технологиялық орталықта 80-нен астам қытайлық және шетелдік робототехника кәсіпорындары жұмыс істейді.


Хабарламаларға жазылу