Ливанда Израильдің шабуылдарынан қаза тапқандар саны 3 мыңға жақындап қалды. Өткен тәуліктің өзінде 13 адам мерт болған. Жалпы алғанда, «Израиль-Хезболла» соғысынан зардап шеккендердің ішінде мыңдаған бейбіт тұрғын бар. Солардың бірі – кішкентай ғана Ивана. Бүлдіршіннің бастан кешкен оқиғаларын Арыстан Рысбек баяндап береді.
Бұл - басынан аяғына дейін күйік шалған Ивана. Израиль-«Хезболла» тайталасынан мүлде бейхабар. Сонда да соғыс құрбаны. Бірнеше апта болды аурухана төсегіне таңылғанына. Ойнағысы келеді. Бірақ ойын түгіл қозғалуға қауқары жоқ.
Мұхаммед Скаики, Ивананың әкесі:
Балалықтың бар қызығынан айырылған перзентім. Ол қазір қорқынышпен, дертімен өмір сүріп жатыр. Бір айдан кейін екіге толады. Бала болғандықтан, азабын жеткізе алмас. Бірақ сезеді. Жүрегіміз онымен бірге ауырады. Қызымыз үшін мықты болуға тиіспіз.
Бүлдіршін - Ливанның оңтүстігінде Израиль әуе күштерінің соққысынан зардап шеккен сан мың жанның бірі. Сол күні, яғни, қыркүйектің 23-де, Ивананың ата-анасы әл-Алия қаласынан қашарда зымыран соққысына тап болыпты.
Мұхаммед Скаики, Ивананың әкесі:
Дүйсенбі еді. Жақындап қалған соғыс жайлы қорқынышпен күн кешіп жаттық. Сол күні жағдай ушықты. Кетуге жарты сағат қалғанда, осы оқиға болды. Алапат жарылыстан, үйіміз теңселіп, терезе сынып, төбе құлады. Бір қарасам, қызым ракетаның шаңының астында жатыр екен. Маған қарап жатты.
Ивананың отбасы порт қаласы Тирге аман-есен жетті. Әкесінің айтуынша, баланың жағдайы жақсарып келеді. Ал дәрігерлердің сөзінше, тері трансплантациясынан өткен Ивана бірнеше күнде ауруханадан шығарылады.
Зиад Сүлейман, пластикалық хирург:
Бала терісінің 40 пайызын күйік шалған. Негізінен оның беті, басы, аяқ қолдары және кеудесі зақымданды. Жанды ауыртатын ота. Себебі бұл операциядан кейін пациенттің терісіндегі жара ұзақ уақытқа қалады.
Ливан үкіметінің дерегінше, Израильдің сол күнгі шабуылдарынан 550-ден астам адам қаза тапты. Израиль болса, бейбіт халықтың қырылуына жол бермеуге әрекеттеніп жатқанын айтып, «Хезболла» жасақтарын тұрғын үйлер мен елдің арасына әдейі жасырынды деп айыптап отыр. Қарсы жақ болса, өзіне тағылған кінәні жоққа шығарып келеді.
Арыстан Рысбек