Жетісу облысында 30 жылдай жөндеу көрмеген жолдар қайта жөнделді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында 30 жылдай жөндеу көрмеген жолдар қайта жөнделді

04.11.2024

Жетісу облысында 30 жылдай жөндеу көрмеген жолдар қайта жөнделіп, елді-мекендерге қатынас орнады. Ал Көпбірлік ауылында ауыз су мәселесі оң шешімін тапты. Президент тапсырмасымен облыс орталығынан алыс орналасқан елді-мекен тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысы өңірде басты назарда.

Үштөбе-Алмалы-Көпбірлік тас жолының ұзындығы 180 шақырымға жуық. Бұған дейін шұрық-тесік жол жамалып қана келді. Асфальт төселген соң қазір тақтайдай тегіс. 5-6 сағат жүріп, жол азабын көрген ауылдағы ағайын аудан орталығына енді 1,5-2 сағатта жетеді. Ең шалғай 2 округте 7 елді-мекен, 5 мың халық бар.

Төлепберген Байбосынұлы, ауыл тұрғыны:

Жолымыз жақсы болып қалды. Сапасы да мықты. Бұрынғыдай емес. Бұрын Бәйшегір мен Көпбірліктің ортасының өзі дірілдек жол болған. Енді қазір бәрі асфальт болды.

1000-ға жуық түтіні бар Көпбірлік ауылында сапалы ауыз су мәселесі өзекті болатын. Балқаш көлінің жағасында, сортаң жерде орналасқан елді-мекеннің жер асты сулары тұзды. Суағарлары мен құбырлары таттанып, тез шіріп кететін. Ал тұщы суды әр жерде қазылған құдықтан алып келді. Қазір замануи сүзгіштер қойылып, тіршілік нәрі үй-үйге кіргізілген.

Шынар Мұратқожина, ауыл тұрғыны:

Құдықтан алып отырғанбыз осыған дейін. Көп уақыттай құдықтың суын ішіп отырдық. Ол су таза емес өздеріңіз білесіздер. Ал енді қазір мынау центральный жүйеден алып отырған суымыз жақсы. Оның үстіне өзіміз фильтр қойып алдық.

Көпбірлікте былтыр замануи спорт кешені халық игілігіне берілді. Әкімдік ғимараты да блокты-модульді құрастырмадан салынып, жаңартылды. Ал келер жылы дәл осындай әдіспен кітапханасы бар мәдениет үйі бой көтермек. Себебі мәдени ошақ осыдан бірнеше жыл бұрын өртеніп кеткен.

Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:

Ең негізгі үлкен мәселе екі ауылда, Алмалы ауылы мен осында өрт сөндіру депосы жұмыс істемей қалған. Соған бір өрт сөндіру машинасымен депоның жұмысына лайық ғимарат дайындау. Содан кейін осында қалған бірнеше көшелерін қайтадан жөндейміз.

Ал Алмалы ауылында көп ұзамай мәдениет үйі, фельдшерлік акушерлік пункт және спорт кешені бой көтермек.


Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу