Отырар ауданында мал жаятын жерге инвестор мақта екпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отырар ауданында мал жаятын жерге инвестор мақта екпек

04.11.2024

Түркістан облысының Отырар ауданында шетелдік инвестор мал жаятын жерге мақта екпек. Ал, тұрғындар төрт түлікті өргізетін бір сүйем жер қалмады деп наразы. Айтуларынша Сарыкөл елдімекенінің іргесіндегі алқаптарды бай-бағландар заңдастырып алған. Осы күнге дейін солардың жеріне амалдап мал жайып келген жұрт енді қалай күн көретінін білмей дал. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Бұл инвестор ретінде тартылған шетелдік компанияның техникасы. Сарыкөл ауылындағы мал жайылатын жерлерді қопарып мақта егуге қам жасап жатыр. Жылдар бойы өндірістік кооперативке тиесілі болған 2 400 гектар алқап аяқасты жекенің меншігіне өтіп, мал өргізуге рұқсат етпей қойған. Өзге жайылымдар да ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетті дейді жұрт.

Жолдасхан Әбуов, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

Біздің оң жағымыз жекеменшік, сол жағымыз жекеменшік. Ал енді бар мал жаятын жайылымдық жерімізді мына қытайлар алып отыр. Бұл жердің барлығы жусан-тұғын. Жусанның бәрін қырып тастады. Бұл қалай болады? Енді жайылымдық жер жоқ. Күн көріп отырғаны тек мал, не істейді енді.

Бес жүзге тарта халықтың жалғыз күнкөрісі азын аулақ малы. Айналаға түгел мақта ексе, қой-ешкі түгілі қара малды қорада қамап ұстауға тура келеді дейді жұрт.

Талғат Алшынбаев, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

Мың гектардай жер жеке кәсіпкерлердің қолына өтіп кеткен. Сол жерді бізге берсе. Бос жатыр. Не малымызды кіргізбейді, не өздері пайдаланбайды. Екі адам алған дейді, ол екі адам кім екенін де білмейміз.

Ал ауданның атқамінерлері болса, 25 мың гектар алқап шетелдік инвесторларға заңды түрде жалға берілгенін айтады. Сондықтан мал ұстағандардың шу шығаруы негізсіз деп отыр. Бірақ, Сарыкөлде жайылым жер жоқ екенін де жасырмайды. Өрісі болмай өзегі талған тұрғындардың мәселесін шешу үшін басқа амалдарын қарастырмақ.

Тоқсейіт Елекеев, Отырар ауданы әкімінің орынбасары:

54 гектар жер бар. Соны береміз. Одан кейінгі арғы жағында 545 гектар жер жайылым бар, оның да малы бар. Тағы 430 гектар ма жекеменшік жер бар. Оның да малы бар. Сол кісілермен келіссөз жүргізейік, ауылдың тұрғындарына мал жаятын жер беріп көріңіздер. Ол енді заң аясында шешілетін нәрсе.

Сондай-ақ орман шаруашылығына тиесілі жерлерді де сұрап көрмек. Алайда екі кәсіпкер мен орман шаруашылығы өз жерлеріне мал жаюға рұқсат бере ма, жоқ па ол жағы әзірге беймәлім. Белгілісі Сарыкөл сияқты елдімекендерге тиесілі 54 мың гектар жерге мақта егіліп, оны өңдейтін екі зауыт салынбақ.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу