Солтүстік Қазақстанда таза суды көрші ауылдан тасуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстанда таза суды көрші ауылдан тасуға мәжбүр

04.11.2024

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылының тұрғындары 30 шақырым жердегі елдімекеннен бұлақтың суын тасып ішуге мәжбүр. Құдықтың сүзгісі былтыр қыста істен шыққан. Сорғы да қатып қалған, құрылғыны қосатын маман жоқ деп жергілікті әкімдік жыл бойы қарекет қылмай қамсыз отырған.

Гүлсім Шөкімова ауыз су үшін көрші елдімекенге аптасына бірнеше рет қатынайды. Ауыл тұрғыны әсіресе немерелерінің денсаулығына алаңдайды. Көлігі жоқ азаматтар сапасыз суды тұтынуға мәжбүр.

Жарасбай Беспаев, Бірлестік ауылының тұрғыны:

Әкелді де қоя салды, онысы қыстыгүні қатып қалды. Сол кезде жарық та дұрыс болмады.

Ақнұр Құрманғожина, Бірлестік ауылының тұрғыны:

Сапасы жаман және төмен. Су лайланып сап-сары болып тұрады. Ал ішетін суды қаладан тасимыз. Мына суды басқа нәрселерге қолданамыз.

Құдық 2022 жылы халық игілігіне тапсырылған. Қыс түссе, құбырлары қатып қалады, дейді тұрғындар. Қазір беріліп жатқан су сүзгіден өтпейді.

Ерболат Сейітов, қоғамдық қызметкер:

Қыстыгүні мына насостар қатып қалды. Сол тұста бір апта жарық болмады. Бұны жаңадан әкіміміз әкеп қойды.

100-ге тарта түтіні бар ауыл бір жылға жуық уақыттан бері тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Аудандық әкімдік қатып қалған сорғылардың барлығын ауыстырған. Алайда жауапты органдар оны іске қосатын маман жоғын айтып, қол қусырып отырған көрінеді.

Қайсар Махметов, Қамсақты ауылдық округінің әкімі:

3 насосты бізге ЖКХ алып берді. Біреуін орнаттық, қойдық. Неден қосылмай тұрғанын біле алмай тұрмыз.

Ауыз су – теріскейдегі өзекті мәселелердің бірі. Облыстағы 635 елді мекеннің 433-і ғана тіршілік нәрімен қамтылған. Көрсеткішті 93 пайызға жеткізу жоспарда бар. Бұл мақсатқа 23,5 млрд теңге бөлінді.


Эльмира Каленова


Хабарламаларға жазылу