Жапония ғарыш аппаратын экологияға зиян тигізбейтіндей етіп құрастыра бастады. Бүгін осындай спутник ғарышқа аттанбақ. Таза ағаштан жасалған тұңғыш жер серігі сынақтан өтеді. Жапониялық ғалымдардың тың өнертабысы жайында халықаралық шолушы Арай Төлегенқызының материалында.
Жапония ағаштан жасалған әлемдегі тұңғыш спутнигін бүгін сынамақ. Экологиялық таза аппаратты Халықаралық ғарыш станциясына SpaceX кемесі жеткізеді. "Лингосат" атты спутник 6 ай бойы Жерді айналып, кейін атмосферада жанып кетеді. Он сантиметрлік текше пішіндес жерсерігіне күн панелдері орнатылған. Оны Киото университеті мен орман шаруашылығы кәсіпорны дәстүрлі жапон технологиясымен еш бұрандасыз және желімсіз 4 жылда құрастырған. Спутникті жасап шыққан ғалымдар арасында бұрынғы ғарышкер Такао Дой да бар.
Такао Дои, Киото университетінің ғарыш ғылымы профессоры:
Жерсерігін ғарышқа жеткізе алсақ, бұл тұрақты қоғам құра алатынымызды білдіреді. Ағашты ғарышта қолдануға бола ма, жоқ па- міне осыған көз жеткізу үшін біз аппаратты осы материалдан жасадық.
Әдеттегі жерсеріктері атмосферада жанған кезде айналаға металдың ұсақ бөлшектері тарайды. Ал жапониялықтар ойлап тапқан ағаш спутник экологияға қауіп төндірмейді. Оның үстіне НАСА құрылғыны сертификаттаған. Жерсерігін құрастыруға қатысқан ғалымдардың пікірінше, бәрі ойдағыдай болуы тиіс.
Кодзи Мурата, Киото университетінің ауылшаруашылығы ғылымы профессоры:
Лингосат корпусы магнолия ағашының бір түрі - жапониялық хонокиден жасалған. Ол өте берік, әрі оны өңдеу оңай. Бұл ағаш әдетте қылыш және жапондардың дәстүрлі аяқ киімін жасауда қолданылады.
Жапониялық ғалымдар өздері құрастырған жер серігі үлкен бір арманға жетелейтін қадам деп есептейді. Мысалы Такао Дой күндердің күнінде Ай мен Марста ағаш отырғызып, осы материалдан үй салуды армандайды.
Арай Төлеген